Қазақтың біртуар бұлбұл әншісі, дәстүрлі ән өнерінің дарабозы, Қазақстанның халық әртісі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Қайрат Әукенұлы Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойы дара тұлғаның туған жері — Жаңаарқа ауданында жоғары деңгейде аталып өтті.
Әсерлі сәттерге толы мерейлі шара қонақтарды құрметпен қарсы алудан басталып, әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қазақтың Қайраты» атты тағылымды кешке ұласты. Кеш барысында ән өнерінің абызы атанған тұлғаның шығармашылық жолы мен өнегелі өмірі кеңінен насихатталып, сахна төрінде шәкірттері мен өнер жұлдыздары ұстазға деген шынайы ықыласын әнмен өрнектеді
Мерейтой иесін құттықтап, мерейін үстем етуге Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев және өзге де өңір басшылары қатысты.
Шараға Қаражал қаласынан да делегация арнайы келіп, мерейтойдың ажарын аша түсті. Олардың қатарында — қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Жарқынбай Жетімек, өнер жанашыры Әбдірәсіл Рақым және Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, өндіріс саласының ардагері Қайырбек Құйқабаев болды.
Қаражалдықтар өз атынан Қайрат Әукенұлының иығына шапан жауып, ақшалай сыйлық пен теледидар тарту етті. Бұл — өнер иесіне деген ыстық ықыластың, туған топырақ перзентіне деген зор құрметтің көрінісі болды
Кеш барысында Қайрат Әукенұлының шәкірттері мен дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген танымал өнерпаздар — Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Еркін Шүкіман, Айгүл Қосанова, Ардақ Исатаева және басқа да әншілер сахна төрінде өнер көрсетіп, халық әнінің жауһарларын орындады. Шараны қоғам белсендісі Айтуған Ырысалды жүргізді.
Кешке Астана қаласынан келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, ақын Ғалым Жайлыбай, әнші Бекболат Тілеухан, сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен меценаттар, өнер иесінің туыстары мен шәкірттері қатысты.
Кеш соңында шәкірттері мен жаңаарқалықтар атынан Қайрат Әукенұлына автокөлік кілті табыс етілді. Бұл — елінің өз ардақты ұлына деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінің белгісі болды.
Қайрат Байбосынов — тек Жаңаарқаның ғана емес, барша қазақ халқының мақтанышы. Ол ұлттық өнердің қара шаңырағын көтеріп, қазақ ән мектебін әлемге танытқан дара тұлға. Мерейтой кеші — өнердің өлмес рухы мен ұстазға деген ұрпақ алғысының салтанаты ретінде есте қалды.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
