Жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында Қаражал өңірінде білім беру саласына қатысты кешенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі күн тәртібіндегі негізгі басымдықтардың біріне айналды.
Әлеуметтік көмек – әр балаға нақты қолдау.
Биыл Ұлытау облысы бойынша әлеуметтік осал санатқа жататын 3000-нан астам оқушыға бір реттік қаржылай көмек беріледі. Бұл игі бастама тамыз айынан бастап жүзеге асырылады. Қаржы көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектепке дайындалуына жұмсалады. Мақсат – балаларды мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында да қала және Жәйрем кентіндегі көптеген оқушыға қажетті заттар үлестірілмек. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы әлеуметтік әріптестіктің нақты көрінісі.
Мектептер жаңарып, заманауи кабинеттер орнатылуда.
Білім сапасын арттыру бағытында Қаражал өңіріндегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту да қарқын алып отыр. Биыл облыс көлемінде 7 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, тағы 2 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл – балалардың білім алуы мен мұғалімдердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам.
Қолымызға тиген ақпараттарға қарағанда биыл 24 мектепке жаңадан 28 пәндік кабинет орнатылады. Атап айтқанда, 6 физика, 6 химия, 5 биология, 6 STEM, 6 робототехника кабинеттері оқушыларға есіктерін айқара ашады. Аталған пәндік кабинеттер – оқушылардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, заман талабына сай білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
Қысқа дайындық – басты назарда.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстары өңірде кестеге сай жүргізілуде. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі жылу жүйелерінің қысымға төзімділігі 100% тексеріліп аяқталды. Жергілікті мектептер мен балабақшаларға қажетті отын сатып алу және жеткізу бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің 63 пайызы тиісті келісім-шартқа қол қойған, 33 пайызы конкурстық нәтижелерді күтіп отыр. Бұл – жылыту маусымының қалыпты өтуіне жасалып жатқан нақты қадамдардың нәтижесі.
Бастауышқа қадам басқан бала саны артып келеді.
Ұлытау өңірінде 2025-2026 оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау науқаны 1 сәуірден басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Болжам бойынша – 4393 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Бүгінгі күнге дейін 3112 оқушы (71%) 1-сыныпқа қабылданды. Оның ішінде 2615 бала (84%) қазақ тілінде білім алатын сыныптарға қабылданған. Бұл көрсеткіш облыста мемлекеттік тілдегі білім беру үдерісінің басымдығын және ата-аналар таңдауындағы бетбұрысты көрсетеді.
Қаражал өңіріндегі жаңа оқу жылына дайындық – тек техникалық немесе материалдық шаралармен шектелмейді. Бұл – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпаққа тең мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың басты мақсаты – әр бала мектепке қуана барып, алаңсыз білім алуына жағдай жасау.
Ізбасар ОЙБАС.