Қаражалдық дзюдошылар – үздіктер қатарында

Қаражал қаласында бұқаралық спорт пен жастардың салауатты өмір салтын ұстануын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе, дзюдо күресі соңғы жылдары қарқынды дамып, жас балуандардың үлкен жарыстарда табысты өнер көрсетуімен танылып келеді.

Өткен аптаның соңын ала Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар қаласында 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген балуандар бақ сынаған бұл додада Қаражал қаласындағы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері де айрықша көзге түсті.

Атап айтқанда, +63 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қарлығаш Баянова қарсыластарын сенімді жеңіп, күміс жүлдегер атанды. Ал 50 келі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрасыл Шалғынбаев намысты қолдан бермей, 5-орынды иеленді.

Жас спортшылардың бұл жетістіктері – олардың табандылығы мен бапкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесі. Жаттықтырушылары Арман Отарбаев пен Сандуғаш Мұқанбетқалиева шәкірттерін ірі жарыстарға дайындап, өңір намысын абыроймен қорғауға баулып келеді.

Қаражал қаласында соңғы жылдары спорт нысандары жаңартылып, жастардың түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуына жағдай жасалған. Осы жұмыстардың нәтижесінде қаладағы Олимпиадалық резерв мектебі жасөспірімдер спортының тірегіне айналып отыр.

Бүгінде Қаражалдың жас татамишілері республикалық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, қаланың ғана емес, бүкіл Ұлытау өңірінің мерейін үстем етіп келеді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.