Қаражалдың қаһарманы

Тарихы қанмен жазылған қасіретті ғасырдың ең ауыр зұлматы Ұлы Отан соғысы болғанын «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін айдан анық біледі. Бірнеше ондаған жылдарды артқа тастасақ та, жақындарынан көз жазған жандарға еске түсіру қаншалықты қиын болса да, сол сұрапыл кезеңді күрсіне еске алып отырады. Жалынды жастық шағы от пен оққа оранып, «етігімен қан кешкен» майдангер аталардың арасында Қаражалдың қадірлі ақсақалы Шұғай ЖҮНІСОВ те бар еді. Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қаһарман жауынгердің туғанына биыл 20 мамырда 100 жыл толады.

Шұғай ақсақал майданға өз еркімен небәрі 19 жасында аттанған екен. 1941 жылдың күзінде Петропавлдағы кіші командирлер дайындайтын қысқа мерзімді курсты бітірген жас жігіт Мәскеу қаласын қорғаушы әскер құрамына жіберіледі. Қанды шайқаста жап-жас жігіт ауыр жараланып, алайда аман қалады. Қайтпас қайсар азамат 1942 жылдың маусымында Брянск бағытында соғысқан 85-ші атқыштар полкіне ауыстырылады. Сол жылы Шұғай Жүнісов 1-ші екпінді армияның 76-шы гвардиялық дивизиясы 234-ші артиллериялық полкі минометшілер бригадасының командирі ретінде фашистермен шайқасқа қайыра кіреді. 1942 жылы Шұғай аға Калинковичи деревнясы маңында өзінің айласын асырып, мықты қаруланған 30 барлаушы фашистің көзін жояды. Осынау қаһармандығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

1943 жылы Днепр үшін шешуші шайқас алдында коммунистік партия мүшелігіне қабылданады. Сталинград түбінде және КурскОрёл доғасы маңында фашист әскерлерін талқандау кезінде, сондай-ақ, Днепрден өту үшін болған шайқастарда жеке ерлігімен, батылдығымен ерекшеленеді. Курск бұғазындағы қанды қасаптан кейін фашистер Днепрдің арғы жағында бекініп қалуға тырысып, өз позицияларын бүкіл жағалау бойынша бункерлермен нығайта түседі. Түнде прожекторларды іске қосып, бар маңайды тұтас жарықтандырады. Ені 150 метр болатын өзеннен жан баласын өткізбеуге жанталасады.

1943 жылдың қарасуық күзінің бір түнінде полк командирі Пеньков плацдармды басып алғаннан кейін тірі қалғандардың барлығы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылатынын хабарлайды. Алайда, жауынгерлер Днепрден өту – «өлім жолы» екенін іштей түсінген болатын. Алайда, басқаша жол жоқ. Тәуекелге бел буған капитан Молоков басқаратын рота құрамындағы минометшілер экипажының командирі Шұғай Жүнісов қаруластарымен бірге Днепрден өтуге ұмтылады. Пулеметтерден бораған оқтан бүкіл рота дерлік қаза табады. Өкінішке орай, үш адам ғана аман қалады, солардың бірі – Шұғай Жүнісов. Үш күнге созылған ұрыс нәтижесінде 234-ші полк жауынгерлері аралды тазартып, басқа әскерлердің жалпы шабуылға шығуына жол ашады.

Днепрден сәтті өткені, сондай-ақ, аралды алғаны үшін Шұғай Жүнісұлы «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталады. Маршал Рокоссовский көрсеткен мінсіз қызметі мен батылдығы үшін алғыс жариялайды.

Кейіпкеріміз Волхов, Мозар, Гомель, Чернигов, Брест, Польша астанасы Варшава сияқты қалаларды азат ету шайқастарына қатысады. Әсіресе, Варшаваны азат ету кезінде жау қатты қарсылық көрсетеді. Сол ұрыста жараланып, госпитальден оралғаннан кейін 1944 жылы желтоқсанда әскери академияға оқуға түсу үшін Мәскеуге жіберіледі. Бірақ, толық онжылдық білімінің болмағанынан (тек 7 сынып оқыған) академияға бара алмай, қызметін жалғастыру үшін Арзамас қаласына жіберіледі.

1945 жылдың маусымында гвардия аға сержанты Шұғай Жүнісов Мәскеудің Қызыл алаңындағы Жеңіс шеруіне қатысады. Ол Арзамаста екі жылға жуық қызмет етіп, 1946 жылдың қазан айында демобилизацияланады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен демобилизацияланған оның марапаттары мен Сталиннің қолы қойылған Алғыс хаттары – қайсар жауынгердің мықтылығы мен Отанға сүйіспеншілігінің айғағы. Шұғай Жүнісов ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Отан соғысы» ордені, екі рет «Ерлігі үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен, «Үздік минометші» және екі мәрте «Гвардияшы» төсбелгісімен марапатталған екен.

Жеңіске қол жеткізіп, сағындырған туған жеріне оралған батырды бүкіл Жаңаарқа халқы құшақ жая қарсы алады. Кеудесі наградаға толы болса да, батырдың жүрегінде сызат түскен еді. Оның себебі, ет жақындарының арасында анасы болмай шықты, ақ жаулығы желбіреген ананың жоқ болғаны жас сарбаздың жүрегіне қанжарша қадалды. Онымен қоймай сұрапыл соғыста екі інісі хабарсыз кеткен. Ш.Жүнісов өмір бойы бауырларын табудан үмітін үзбей, іздеу хаттарын жолдаудан жалыққан жоқ…

Жаужүрек жауынгер өзінің бейбіт өмірін сұлу Мариямен байланыстырып, отбасын құрудан бастады. Қаражалға қоныс аударып, күш-қуаты мен денсаулығын аямай, кешегі жауынгер болашақ қаланың алғашқы құрылысшыларының бірі болды. Тәңір берген несібесін адал еңбекпен теріп жеген қарапайым жан бірнеше жұмыс атқарды. ГРП55, ДСУ-57, қалалық ауруханада, «Атасу» ГРЭ сияқты мекеме-кәсіпорындарда еңбек етіп, бейнеттің зейнетінің дәмін татты. Еңбегі еленді, тіпті, «Тың жерлерді игергені үшін» медаліне де ие болды. Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Өмірлік жары, алтынқұрсақты ана, «Алтын алқа» медалінің иегері Мария апамен бірге он перзентті бағып-қағып, тәлім-тәрбие берді. Алайда, өкінішке орай бес баласы бұл фәнимен ертерек қош айтысқан екен. Екі ұлы Байжомарт пен Атымтай, қыздары Бағдат, Сағдат, сондай-ақ, ең үлкені әрі сүйікті қызы Рымкеш қайтқанда қабырғалары қайысты. Дейтұрғанмен, тірі адам тіршілігін жалғастырады. Әсіресе, немерелер мен шөберелері өмірлеріне сән берді. Қаражалдың мықты спортшысы Жасұлан Шұғаев пен Балқаштағы Руслан Шұғаев атасының есімін асқақтатып жүр.

Шұғай ата соғыс салдарынан денсаулығынан айырылса да, өмірінің соңына дейін қаланың қоғамдық өміріне белсене араласты. 1987 жылы 16 қарашада 65 жасында дүниеден өтті. Майдангерге қаланың Құрметті азаматы атағы берілді. Жаудан да, даудан да қорықпаған қайсар жанның есімімен Қаражал қаласының бас көшелерінің бірі аталды.

«Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды» дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйзеліп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген жандар рухына мың алғыс!

Отан үшін қан төккендердің топырағы торқа болсын!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ