Қаражалда жастар күні ерекше мерекеленеді

Ежелден-ақ қай елдің болсын жарқын болашағы мен асқақ арманы – жастарының қолында. Үміт пен өр рухтың, биік ар мен намыстың айнасы да – осы жас буын. Олар – қоғамның ең серпінді, тың идеяларға толы әрі жаңашыл бөлігі. Бүгінгі Қазақстан жастары – ел тағдырын айқындайтын, болашаққа жетелер басты күш.

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл мереке 1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, содан бері жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтеді. Осыған орай, қазыналы Қаражалымызда да бұл айтулы күн ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарлама аясында қала жастары мен қонақтары үшін әсерлі концерт ұсынылды. Сахна төрінде Қарағанды қаласында құрылған, ұлттық музыка мен заманауи ырғақты үйлестіріп, тыңдарман жүрегіне жол тауып жүрген өнер ұжымы — «Рух» тобы өнер көрсетті. Олардың жүрекке жететін әуендері мен заманауи аранжировкалары көрермендердің ыстық ықыласына бөледі.

Кештің сәнін кіргізген тағы бір ерекше сәт – қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Ілияс Қадырбайдың сахнаға шығуы болды. Ол өзінің көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, республикалық ән байқауларының жеңімпаздары Бек Әмірхан мен Балауса Әбдуалиева да әсем әндерімен кештің шырайын аша түсті.

Бұл күн – жастарға шабыт беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлін айқындайтын, болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды мереке. Қаражал жастарының бірлігі мен жігері – қаламыздың жарқын болашағының кепілі.

Жазира МҰХИДИНОВА