Қаражалдағы медициналық қызмет: қолжетімділік, сапа және қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері

Медицина – қоғамның ең нәзік те маңызды саласы. Әр тұрғынның сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуы мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы орайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің жетілдірілуі Қаражал қаласының тұрғындары үшін де тың мүмкіндіктер ашып отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Әлия Байтоқовамен сұхбатымызда біз Қаражал қаласындағы медициналық қызметтің қазіргі жай-күйі, жаңа заң аясындағы өзгерістер, тегін және сақтандыру пакеттерінің айырмашылығы, қаржыландыру көлемі мен сапаны бақылау тетіктері жөнінде кеңінен сөз қозғадық.

Әлия Жұмағұлқызы, ең алдымен, тұрғындарға көрсетілетін тегін медициналық қызметтердің қолжетімділігі жайлы айтып өтсеңіз. Қаражал халқы үшін оның мәні қандай?

— Иә, бүгінде Қазақстанда медициналық қызметтер екі пакет арқылы көрсетіледі. Біріншісі – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), екіншісі – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.

ТМККК – бұл әрбір азаматқа, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, мемлекет есебінен көрсетілетін медициналық көмектің базалық жиынтығы. Ал МӘМС пакеті сақтандырылған азаматтарға арналған кеңейтілген қызметтерді қамтиды.

Қаражал қаласының тұрғындары үшін бұл – медициналық көмектің нақты шектелмей, әлеуметтік тұрғыдан барынша қолжетімді болуын білдіреді. Әсіресе, қымбат диагностикалық тексерулер мен күрделі ем-дом түрлерінің МӘМС аясында тегін көрсетілуі халық үшін үлкен қолдау.

2025 жылғы 14 шілдеде Президент қол қойған заң қандай өзгерістер әкелді?

— Бұл заң медициналық сақтандыру жүйесін түбегейлі жетілдіруге бағытталған. Соның нәтижесінде 2026 жылдан бастап ТМККК аясында әлеуметтік маңызы бар бірқатар аурулар бойынша тексеру мен емдеу толық көлемде жүргізіледі.

Олардың қатарына – туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті және демиелинизациялаушы аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай), инсульт (бір жыл ішінде) кіреді.

Ең бастысы, осы ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер, оның ішінде қатерлі ісікке қарсы тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Бұл Қаражал тұрғындарының денсаулығын сақтауда аса маңызды.

Тегін пакетке тағы қандай қызметтер кіреді?

— ТМККК аясында – жедел және шұғыл медициналық көмек, санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, вакцинация, паллиативті көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды бақылау, жедел стационарлық көмек толықтай көрсетіледі.

Яғни, бұл – кез келген адам өміріне қауіп төнген жағдайда немесе негізгі медициналық қажеттіліктерде мемлекет кепілдік беретін көмек.

Тегін медициналық көмек алу үшін қандай құжаттар қажет? Азаматтар қай мекемеге жүгінуі керек?

— Медициналық көмек алу үшін әр азамат өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына жүгінеді. Онда жалпы практикадағы дәрігері қажет болған диагностикалық тексеруге және пациенттің денсаулық жағдайын бағалау үшін бейінді маманға жолдама береді.

Бұл үшін өз қалтаңыздан төлеудің қажеті жоқ. Егер тұрғын емханаға тіркелмеген болса, міндетті түрде тіркелуі қажет. Себебі, онсыз дәрігер қабылдауына, диагностикаға және басқа медициналық қызметтерге жолдама ала алмайды.

Медициналық көмектің қолжетімді көлеміне қандай да бір шектеулер бар ма?

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, бұл – баршаға ортақ жүйе. Қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотта жинақталады және төлем мөлшеріне қарамастан барлық сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек көрсетуге бағытталады.

Қазақстандық МӘМС моделі – әлеуметтік бағдарланған және ем көлемі мен құнын шектемеуге бағытталған.

МӘМС пакеті нені қамтиды?

— Бұл пакет ең ауқымды және қымбат медициналық қызметтерді қамтиды: МРТ, КТ, ПЭТ-КТ, УДЗ, консультативті-диагностикалық қызметтер, амбулаторлық дәрі-дәрмек, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық оңалту, қымбат дәрі-дәрмекпен емдеу.

2026 жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған азаматтардың созылмалы ауруларын бақылау мен емдеу де МӘМС пакетіне енгізіледі. Бұл Қаражал қаласында диспансерлік есепте тұрған 1398 адам үшін үлкен мүмкіндік.

Қаражал қаласында сақтандырылмаған тұрғындар саны қанша?

— Қазіргі таңда Қаражалда 720 тұрғын сақтандырылмаған. Оның 60-ы – жеке кәсіпкер, 312-сі – тұрақты жұмыс істейтін азаматтар. Көбіне бұл жұмыс берушілер тарапынан уақытылы аударым жасалмауынан болады.

Әлеуметтік осал топтарға қандай қолдау көрсетіледі?

— 2026 жылдан бастап «D» және «E» санатындағы азаматтар МӘМС жүйесінде жергілікті бюджет есебінен сақтандырылады. Қаражалда бұл санатқа 220 адам кіреді, олардың сақтандыру мәртебесі автоматты түрде беріледі.

Қаражал ауруханасының 2026 жылға арналған қаржыландыру көлемі қандай?

— Жалпы қаржыландыру көлемі – 600,5 млн теңге. Оның ішінде 345,6 млн теңге ТМККК аясында, 254,9 млн теңге МӘМС пакеті бойынша қарастырылған.

Медициналық қызмет сапасы қалай бақыланады?

— 2025 жылы Қаражал ауруханасында жүргізілген мониторинг нәтижесінде мыңдаған ақау анықталып, қаржылық шегерімдер жасалды. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты бақылау тетігі.

Қорыта айтқанда, Қаражал қаласында медициналық қызмет көрсету жүйесі жаңа заң аясында айтарлықтай жаңарып отыр. Тегін және сақтандыру пакеттерінің мүмкіндіктері кеңейіп, әлеуметтік осал топтарға нақты қолдау көрсетілуде. Ал қаржыландыру көлемінің артуы мен сапаны бақылаудың күшеюі – тұрғындар денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.