Қаражалдағы бірлік пен татулық мерекесі

2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейтойын ерекше мәнімен атап өтуде. Бұл институт – тәуелсіз Қазақстанның ең маңызды қоғамдық тірегінің бірі. Ассамблея еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға, ұлтаралық татулықты сақтау арқылы қоғамда бірлік пен өзара құрметтің мызғымастай негізін қалауға бағытталған. 30 жыл ішінде Ассамблея әр аймақта бейбітшілік пен келісімнің тірегіне айналып, әрбір қазақстандық үшін татулық пен ынтымақтастықтың жарқын нышаны болды.

Қаражал қаласы да бұл мерекені ерекше көңілмен қарсы алды. Қала халқының 80,6%-ын қазақтар құрайды, ал қалған 19,4%-ын орыстар, украиндар, татарлар, немістер, белорустар, корейлер және басқа да ұлт өкілдері құрайды. Осы көпұлтты қаланың тұрғындары арасындағы татулық пен өзара сыйластық – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясының айқын көрінісі. Бұл – әр ұлттың өз мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, ортақ бірлікке адал өмір сүруінің дәлелі.

Биыл Қаражал қаласында Ассамблеяның 30 жылдығына арналған 30-ға жуық мерекелік іс-шара өтті. Әр шара – этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды, әрбірі жүректен шыққан құттықтау сәтіне айналды.

Қаладағы мәдени-сауық орталығы мерекелік жаңа бейнеге енді. Кіре берістен бастап фойе ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әсем бұйымдармен безендірілді. Киіз үй тұрғызылып, қазақы дастарқан жайылды. Кірген қонақтарды әжелер әнмен қарсы алып, қолөнер шеберлігін көрсетті. Әр деталь – ұлттық рух пен бірліктің символы болды.

Мәрмәр залында өткен дөңгелек үстел барысында қала әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, Ұлытау облысының Қоғамдық даму басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің басшысы, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлбану Сейтжанова, сондай-ақ мекеме директорының орынбасары, Этномедиация орталығының координаторы Гүлназ Гатиятова өз ойларын ортаға салды. Олар этносаралық келісімнің, қоғамдағы татулық пен бірліктің сақталуындағы Ассамблеяның рөлін ерекше атап өтті. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров және этномедиатор Артем Ким өз пікірлерін білдіріп, бірлік пен татулық идеясын одан әрі қолдады.

Мерейтой барысында Қаражал қаласының Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, «Алтын оймақ» үйірмесі, «Каражалочка» тобы және «Балбөбек» бөбекжайының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Абюрова Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен және статуэткамен марапатталды. Бұл марапаттар – қоғамдағы татулық пен бірлікке үлес қосқан азаматтарға көрсетілген шынайы құрмет болды. Марапаттау рәсімі Александра Пушканованың орындауындағы «Қазақ елі» әнімен сәнделіп, мерекелік көңіл-күйді шынайы әсерге бөлеп жіберді.

Қаражалдағы этносаралық қатынастардың тұрақтылығы – бұл қала тұрғындарының өзара сыйластығы мен ортақ мақсатқа берілген адалдығының нақты көрінісі. Мұнда әр ұлт өкілі өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап, біртұтас қоғамның ажырамас бөлігі ретінде өмір сүруде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – бұл тек тарихи оқиға ғана емес, әрбір қазақстандық үшін бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың шынайы символына айналды. Бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған ойлар мен ұсыныстар Қаражалдағы және еліміздегі этносаралық қатынастардың дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, елімізде бейбітшілік пен келісімнің мәңгі орнауын тілейміз. Бірлік, татулық, келісім – осындай құндылықтар әрқашан Қазақстанның басты тірегі болып қала бермек.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ