Әлем елдері дәстүрлі түрде қолдап келе жатқан World Clean Up Day – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды халықаралық шаралардың бірі. Бүгінгі күні бұл игі бастама Қазақстанда да кеңінен қанат жайып, халықтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыра түсуде.
Осы орайда Қаражал қаласында да экологиялық жауапкершілікті көтеруге арналған сенбілік шарасы ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің бастамасымен өткен тазалық жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асты.
Іс-шараға қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер қатысып, қаланың әртүрлі аумақтарын қоқыстан тазартты, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай кең ауқымды бастама тек қана қаланың келбетін жақсарту емес, сонымен қатар, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға бағытталған.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған маңызды экологиялық жоба. Президент өзінің халыққа Жолдауында табиғатты қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне ерекше назар аударған болатын.
Осыған сәйкес елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы – уақытша науқан емес, ол бүкіл қоғамға ортақ ұзақ мерзімді міндет. Әрбір сенбілік пен әрбір тазалық жұмысы еліміздің болашағына қосылған үлес екені сөзсіз.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ
