Қаражалда «Тәуелсіздік» саябағы заманауи демалыс орнына айналады

Ұлытау облысы, Қаражал қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағында қайта құру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бастама қала тұрғындары үшін қолайлы, эстетикалық жағынан қуаныш сыйлайтын демалыс орны болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргі уақытта саябақта спортпен айналысуға және серуендеуге ыңғайлы 2300 шаршы метр аумаққа тартан жабынды төселді, 800 шаршы метр бетон негізі құйылды, ағаштарды кесу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар саябақтың екінші бөлігіне жарықтандыру жүйесі орнатылды.

Қазіргі кезде саябаққа сән беріп, кешкі уақытта жайлы демалуға мүмкіндік беретін шағын сәулет формаларын (МАФ) және шамдарды орнатуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс барысы тексеріліп, мердігер мекемелерге барлық міндеттемелерді уақытында орындау және анықталған ескертулерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жаңартылған саябақ – қала тұрғындары үшін демалыс аймағы ғана емес, қаланың көрікті нысандарының біріне айналады.

Жұлдыз ТОЙБЕК,

Egemen.kz