«AMANAT» партиясының Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина мен облыстық мәслихат депутаты Артем Ким «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында әзірленген Жол картасына енгізілген маңызды нысан – Тәуелсіздік көшесі, 12 мекенжайындағы тұрғын үйге арнайы мониторинг жүргізді.
Бұл үйді реконструкциялау жобасы партияның халық алдындағы нақты міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуде маңызды қадам саналады. Мониторинг барысында үйде жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасына назар аударылды. Қазіргі уақытта пәтер ішін тазалау және жуу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Сонымен қатар, мониторингтік топ жертөлеге түсіп, жаңартылып жатқан инженерлік желілермен танысты. Атап айтқанда, үйдің ескі кәріз құбыры жаңа жүйеге қосылып, толығымен жаңғыртылған.
Жұмыстар күнтізбелік жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалуда. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жайлы әрі қауіпсіз тұрмыстық жағдай жасау – партияның басты басымдықтарының бірі. Қаражал қаласында бұл бағытта бірқатар істер атқарылуда. Тек Тәуелсіздік көшесі, 12 үй ғана емес, алдағы уақытта да бірнеше тұрғын үй кешендері жөндеуден өткізіліп, тұрғындардың игілігіне берілмек.
– «AMANAT» партиясы – елмен етене, халықпен бірге еңбек етіп келе жатқан саяси күш. Әрбір бастама – сайлаушыларымыздың аманаты. Біз бұл міндеттемелерді нақты іспен орындап келеміз, – деп атап өтті Гүлмира Исина өз сөзінде.
Ал, депутат Артем Ким облыстық мәслихат деңгейінде тұрғын үй, инфрақұрылым мәселелері үнемі назарда екенін айтады.
– Қаражалдағы әрбір жобаның іске асуы – жүйелі мемлекеттік қолдаудың, жергілікті атқарушы органдар мен партияның бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі, – деді ол.
Қаражал қаласында тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл игі істер – ел мүддесі жолындағы еңбектің нақты көрінісі.