Бұл мәселе облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат жиынында мәлім болды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сырым Құрбанбековтың айтуынша Қаражал қаласы мен оған қоңсылас жатқан Ақтай ауылындағы су көздерінің сынамасы теріс нәтиже берген.
Департамент басшысының орынбасары берген ақпаратқа қарағанда өңірде 34 орталықтандырылған және 21 орталықтандырылмаған су құбыры есепке алынған екен. Осы су көздерінен санитариялық-химиялық және бактериологиялық көрсеткіштерге сәйкестігін зерттеу апта сайын жүргізіліп, су сынамалары алынып отырылады.
– Су тасқыны кезеңіне дейін бақылау нүктелер саны 73 болды, олардан жоспарлы түрде 450 сынама алынды. Оның 206-сы микробиологиялық, 244-і санитариялық-химиялық көрсеткіштерге байланысты. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап бақылау нүктелерінің саны ұлғайды және бүгінгі таңда сынамалар 115 бақылау нүктесінен алынады. Осы кезеңде барлығы 350 су сынамасы, 1215 зерттеу іріктелді, оның 503-і микробиологиялық, 712-сі санитарлық-химиялық көрсеткіштерге арналған. Орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша су тасқыны кезеңінің басынан бастап микробиологиялық көрсеткіштерге 139 су сынамасы алынды, оның ішінде теріс сынама саны – 1 (0.68 %). Бұл Ақтай кентіндегі жеке кәсіпкердің құдығы.
Ал, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 147 сынама алынды. Оның 21-і жалпы қаттылығы, түсі, иісі мен дәмі бойынша сәйкестігі теріс деп танылды. Мұндай сынамалар Жезқазған қаласы бойынша – 19, Қаражал қаласы – 1 және Жаңаарқа ауданы – 1 анықталды, – деді Сырым Құрбанбеков өз есебінде.