Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Мыңадыр елді мекені мен Қаражал қаласының темір жол шағын ауданында жаңа мектептердің құрылысы басталмақ. Бұл жағымды жаңалықты мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай өзінің сайлаушылар алдындағы уәдесін орындау ретінде жеткізді.
Оның айтуынша, елді мекендердегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту туралы мәселе сайлаушылардың аманаты ретінде қойылған болатын. Үкіметтен оң шешім шығып, құрылысқа қажетті қаржы бөлінді. Мыңадыр ауылындағы мектепке 1,2 миллиард теңге, ал Қаражал қаласындағы мектеп құрылысына 1,8 миллиард теңге бөлінетін болды.
Бұл жобалар өңірдегі білім беру сапасын арттырып, балалардың заманауи және қолайлы жағдайларда білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, депутат Аманжол Әлтай ендігі кезекте қос мектептің құрылыс сапасын қадағалауды негізгі мақсат ретінде белгілеп отыр.
«Ендігі мақсат қос мектептің сапалы салынуын қадағалау керек. Халық аманаты мен үшін қашан да маңызды!», — деді Аманжол Әлтай
Екі жаңа мектептің салынуы Ұлытау облысы тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Бұл өңірдің дамуына және жастардың сапалы білім алуына қосымша серпін береді деп күтілуде.