Қаражал — бірлік пен жеңістер мекені

Салауатты өмір салты – қоғам дамуының берік тірегі. Қай уақытта болмасын, Қаражал спорттан кенде болған емес. Кеңес дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін қалада түрлі спорт түрлері дамып, жергілікті спортшылар талай биіктерді бағындырды. Соңғы жылдары бұл дәстүр жаңа серпін алып, спортшыларымыз халықаралық деңгейде жеңістерге жетуде. Біз бұл туралы «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Жаннұр Жакеновамен сұхбаттастық.

– Қаражал қаласында соңғы жылдары спорт саласында қандай елеулі оқиғалар болды?
– Қаражал спорты қай кезеңде де белсенділігімен ерекшеленіп келеді. Соңғы жылдары бұл бағыт тіпті қарқын алды. Мысалы, Астана күні мерекесіне орай Жәйрем кентінде үлкен теннистен қалалық турнир өткіздік. Үш күн бойы тартысты өткен бәсекеде 16 спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, нағыз спорт мерекесін сыйлады. Бұл – спортшыларымыздың шынығып қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген маңызды шара болды.

– Өңір спортшыларының жетістіктері қандай?
– Жетістіктеріміз мақтануға тұрарлық. Азия және Мұхит елдері арасындағы самбо чемпионатында 64 кг салмақта Константин Голяткин чемпион атанды. Ал, 4 мамырда Иордания астанасы Амманда өткен бокстан Азия чемпионатында жасөспірімдер құрамасында өнер көрсеткен Айару Файзуллаева қола жүлдегер атанды. Бұл – біздің спортшыларымыздың табандылығы мен еңбегінің жемісі.

– Қалада спорттық инфрақұрылым қалай дамуда?
– «Горняк» стадионы толық жаңартудан өтті. Онда заманауи футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, тартан жабыны бар жүгіру жолы, ұзындыққа секіруге арналған шұңқыр, ашық аспан астындағы жаттығу алаңдары бар. Сондай-ақ, спортшылардың жайлылығы үшін екі қабатты ғимарат киім ауыстыратын бөлмелер және душ кабиналарымен жасақталды. Жақында ғана есігін айқара ашқан жабық бассейн – Қаражалдағы спорт инфрақұрылымының жаңа белесі, салауатты өмір салтын қолдаудың айқын дәлелі.

– Дәстүрлі және ұлттық спорт түрлеріне көңіл бөлініп жатыр ма?
– Әрине. Сәуір айында бүлдіршіндер арасында тай бәйгесін ұйымдастырдық. Шілде айында да жасөспірімдер арасында көкпардан облыстық жарыс өтті. Бұл – ұлттық спортты насихаттаудың бір жолы.

– Қаражал футболының қазіргі жағдайы қалай?
– «Қаражал» әуесқой футбол клубы – біздің мақтанышымыз. Жансая Сажинов басқаратын команда Қазақстан чемпионатына қатысып, елдің үздік футбол командалары қатарына енді. Бұл – қала футболының дамуы жолындағы үлкен жетістік. Бұдан бөлек, жыл сайын қала кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында мини-футболдан турнир өткізіледі.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Алдымызда ауқымды да қызықты спорттық маусым күтіп тұр. Тамыздың 21–22 күндері облыстық әйелдер спартакиадасын өткіземіз. Қазан айында жасөспірімдер арасында бокстан облыстық турнир ұйымдастырып, болашақ чемпиондардың жолын ашпақпыз. Ал желтоқсанда, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын мықтылар қатысатын ересектер арасындағы дзюдодан республикалық турнир өткізу жоспарымызда бар. Бұл жарыстар – спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, жас буынды ынталандыратын айтулы оқиғалар болмақ.

– Қала тұрғындарына айтарыңыз.
– Қаражал – спортпен тыныстайтын, жігер мен қайраттың қаласы. Әр мереке сайын орталық алаңда спорттық шаралар өтсе, әр апта сайын «Горняк» спорт алаңында таңғы жүгіру мен дене шынықтыру сабақтары ұйымдастырылып келеді. Қала жастары бұл бастамаларға ерекше ықыласпен қатысып, спортты өмір салтына айналдыруда. Бүгінде бізде футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, грек-рим күресі, самбо секілді түрлі спорт үйірмелері жұмыс істейді.

Спорт – бұл тек күш пен жылдамдық қана емес, ол – бірлік, тәртіп, достық пен жаңа жеңістердің бастауы. Қаражал спортшылары осы қағиданы өз еңбектерімен дәлелдеп келеді.

– Мағыналы сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жазира МҰХИДИНОВА.