Қарағанды облысында таңғы сағат жетіде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу бойынша учаскелер ашылды. Өңірде олардың саны 777. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, референдумға 880 мыңнан астам қатысушы тіркелген.
Алғашқы сайлаушылар учаскелерге келіп, азаматтық ұстаным танытып, өз таңдауын жасады.
Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан Қарағанды қаласының № 17 учаскесінде референдумға 2082 қатысушы тіркелген.
Мұнда алғашқылардың бірі болып зейнеткер Алтай Оралбаев дауыс берді.
– Мен жақын жерде тұрамын. Күн сайын таңертең дене жаттығуына шығамын. Бүгін мен алдымен дауыс беруге келдім. Азаматтық ұстаным – баршаға маңызды деп санаймын. Еліміздің болашағы бізге байланысты, – деп бөлісті қарағандылық.
Дауыс беру процесін партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары бақылайды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет Конституцияға өзгерістер жалпыхалықтық референдумда енгізіліп отыр. Он сегіз жасқа толған Қазақстан азаматтарының қатысу құқығы бар.