Қаныш және Қаражал өңірі

1899 жылы 12 сәуірде ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев дүниеге келді. Осы күнге сәйкес Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған қазақ күнтізбесінде Қазақ ғалымдарының күні аталып өтіледі.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни, 1926 жылы Томск технологиялық институтын аяқтап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы – Қаныш Сәтбаев халық шаруашылығы Орталық кеңсенің қарамағына жіберіледі. Сол жылы болашақ академик Қызылордадан Жосалы станциясына келіп, Қарсақбайға жүк тасымалдаушыларға ілесіп жол тартады.

Қарсақбайға барамын деген жас инженерді сол керуеннің басшысы менсінбей:
– Біздің Қарсақбайға жылына бір геолог, бір ғалым келеді, көп болса соның бірі шығарсың. Менің үйімде, төрде былтыр келген инженердің қалпағы әлі ілулі тұр. Ол қалпағына да қарамай кетіп қалған, сен де кетіп қаларсың, – депті.

Бірақ, ол кісі Қаныш Сәтбаевтың әлемдегі ең ірі мыс кен орны Жезқазғанда екенін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын сол жерде өткізетінін білген жоқ еді. Жезқазған мыс комбинатының дүниеге келуі, ондағы мол байлықтың игерілуі Қаныш Сәтбаев есімімен тікелей байланысты. Оның еңбек жолы да осы жерден басталған.

Жалғыз Жезқазған өңірі ғана емес, Қаражалдың да қойнауында бай қазына бары сол ХХ ғасырдың бас кезінде белгілі болған. Бірақ, бұл кеннің кешенді түрде игерілуіне ғалым Қаныш Имантайұлы тікелей ықпал еткені тарихтан белгілі.

1947 жылы Қарағандыда өткен КСРО және ҚазКСР Ғылым академияларының бірлескен көшпелі мәжілісінде темір, марганецке бай кен орнын игеру туралы нақты сөз болады. Соның нәтижесінде Қаражал кені игеріліп, ел игілігіне жұмсалуда.

Ал, мына бір әңгімеден Жәйрем кен-байыту комбинатының өмірге келуіне де Қаныш Сәтбаев тікелей себепкер болғанын аңғару қиын емес. ҚазКСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясын өткізуге Жезқазғанға бара жатқан сапарында Қаныш Имантайұлы Жәйрем арқылы жүрсе керек.

Жол бойы қырқаларға тоқтап, жердің қыртысын бағдарлап, шөптерін жұлып алып, алақанына салып уқалап көреді екен. Бір кезде Жәйрем кен барлау экспедициясының бас геологы Анатолий Рожновқа:
«Рожнов жолдас, мына жерге шыққан өсімдіктердің астында марганец рудасы болу керек. Марганец рудасының бетінде осындай селеу шөптер өседі, осы жерге бұрғылау станогын орнатып, рудасын маған жіберіңіздер!» – дейді.

Міне, сөйтіп Қаныш Имантайұлы Жәйремдегі марганец кенін ашып кеткен екен.

Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль кезінде Қаныш Сәтбаевқа: «Совет Одағындағы № 1 геолог» деп баға берген. Совет Одағын басқарған Никита Хрущевтің өзі Сәтбаевтың білімділігін мойындаған.

Хрущевтің Сәтбаевпен кездесуіне ықпал еткен де сол – Уинстон Черчилль. Совет Одағына келіп Хрущевпен сөйлескенде: «Сіздің аз ұлттарыңыздың ішінде бір ұлы ғалым жүр, білесіз бе?» – деп сұрайды. Хрущев армян, грузин сияқты басқа ұлттарды айтады. Ана кісі: «Жоқ, білмедіңіз, сіздер өздеріңіздің ұлы ғалымдарыңызды танымайды екенсіздер. Ол – Қаныш Сәтбаев деген қазақ», – дейді.

Содан Никита Хрущев Черчилльді шығарып салысымен Алматыға келіп, Ғылым академиясында, Геология институтында болып, Қаныш Имантайұлының еңбектерімен танысады. Сонда ол: «Сәтбаев бір ғана Қазақстанның емес, бүкіл Совет Одағының жерінің астында қай жерде қандай байлық жатқанын алақанындағыдай біліп отыр ғой», – деп таң қалған екен.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ