Аналар құрметке лайық

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қаражал–Жәйрем өңірінде көпбалалы аналарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылуда. Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.

Аталған санаттағы аналардың әрқайсысына 20 000 теңге көлемінде төлем жасалады. Қаражал–Жәйрем өңірі бойынша бұл қолдаумен барлығы 712 ана қамтылып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 14 миллионнан астам қаражат бөлінді.

Жалпы облыс көлемінде көпбалалы аналарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау тұрақты назарда. Бүгінде өңір бойынша «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналардың саны 9 375-ке жетеді. Оларға біржолғы көмек көрсету үшін облыстық бюджеттен 187,5 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Қазіргі таңда Ұлытау өңірінде әйелдер мен қыз-келіншектер саны 110 928 адам, яғни, жалпы халықтың 50,7 пайызын құрайды. Бұл – аналардың қоғам өміріндегі орны мен рөлінің айрықша екенін көрсетеді.

Аналарды қолдау, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұндай шаралар көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ана еңбегіне деген құрметті нығайта түседі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ