Ана — мәңгілік шамшырақ

8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, аналар мен аруларға құрмет көрсететін ерекше күн. Бұл күн тек әйелдердің сұлулығы мен мейірімін атап өтетін мейрам ғана емес, сонымен қатар, олардың қоғамдағы маңызды рөлін, құқықтары мен еркіндігін дәріптейтін тарихи күн. Көңілге күн шуағындай сезім мен нұр құйып, барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі. Көктемді қанатына қондырып, әлемге шуақ сыйлаған 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін аймағымыз ерекше форматта қарсы алады. Өткен аптаның сәрсенбісінде Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Ана – өмір шуағы» атты салтанатты жиынмен қоса «Ару ғұмыр» байқауы жеңімпаздарының марапаты өтті.

Әлбетте салтанатты жиынның шымылдығын өңір басшысы Айқын Елеусізов құттықтау сөзімен ашып берді.
– Құрметті ханымдар! Аяулы аналар мен арулар!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – нәзіктік пен сұлулықтың, мейірімділік пен жан жылуының символы. Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен ақыл-парасаттарыңыз әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың берекесін арттырып, қоғамды мейірім мен ізгілікке бөлеп келеді.
Бүгінде әйелдер тек отбасының тірегі ғана емес, сонымен қатар, ғылым, білім, медицина, бизнес, мәдениет пен спорт салаларында да биік белестерді бағындыруда.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Әрбір күніңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын, ал жүректеріңізде мәңгілік көктем орнасын! Мерекелеріңіз құтты болсын, қадірлі арулар! – деп, ақжарма тілегін білдірді.
Одан кейін, өңірдің барша қыз-келіншектерін айтулы мейраммен құттықтап, марапаттау рәсіміне кірісті. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 729 Жарлығымен «Алтын алқа» алқасымен 7 баланы дүниеге әкелген батыр ана Айнұр Сейлова марапатталды. Одан кейін аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен «Қаражал қалалық ауруханасы» коммуналды мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынының медбикесі Нұрғайша Сүлейменова мадақталды. Сондай-ақ, аймақтың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлесі және еңбек жетістіктері үшін қала әкімінің Алғыс хатымен «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің әдіскері Вера Бойцун, № 3 жалпы білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі Нұрсұлу Батырбаева, «Балбөбек» бөбекжайы коммуналды мемлекеттік қазынашылық кәсіпорыны тәрбиешісінің көмекшісі Әсем Апақова, Қаражал қаласы білім бөлімінің «№ 5 бастауыш мектебі» коммуналды мемлекеттік мекемесінің отжағушысы Жұмакүл Кокина, «Қаражал қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің техникалық қызметкерлері Светлана Шлегел, Қаражал қаласының № 1 жалпы білім беретін мектебінің биология пәнінің лаборанты Шолпан Ибраева, № 1 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Абикеева, «Global Mining Technology» ЖШС есепшісі Галина Ракобольская, «Қаражал қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Ақелік Нұрмағанбетова, № 7 жалпы білім беретін мектебінің техникалық персоналы Сәуле Көлбаева марапатталды.
Келесі кезекте, «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ару ғұмыр-2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Аталмыш байқау қоғамдағы әйелдердің рөліне көпшілік назарын аудару және Қаражал-Жәйрем аймағы әйелдерінің түрлі салалардағы еңбегін тану мақсатында алтыншы рет өткізіліп отыр. Биылғы байқауда 7 номинация бойынша құжаттар қабылданған болатын.
Жалпы конкурс комиссиясына 40-тан астам өтінім келіп түскен екен. Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия келіп түскен құжаттарды қарап, қорытындысын шығарды. Нәтижесінде әр салада елеулі табыстарға қол жеткізген өңіріміздің үздік әйелдері марапатқа ие болды. Ең алдымен, марапаттау рәсімін «Асыл ана-2025» номинациясынан бастау алды. Бұл номинациямен үздік отбасылық дәстүрлерді сақтап және дамыта білген, қоғамда отбасы мәртебесін арттыруға ықпал еткен әйел-аналар марапатқа ие болады. Жеңімпазды марапаттау үшін сахна төріне шығып, Қаражал қаласының әкімі Айқын Қылышұлы «Асыл ана-2025» номинациясын Жәйрем кентінің тұрғыны, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Бахытжан Тұрсынханға табыстады. Бахытжан ханым балаларын тәрбиелеп қана қоймай, жеке кәсібін домалатып, тігіншілік өнерін дамытуға атсалысып жүрген азаматша.
Келесі мамандық иелеріне келсек, олар өздеріне халыққа қызмет етудің қиын жолын таңдап, өмірдегі ең қымбатты – денсаулық пен өмірге деген үмітті береді. Бұл, әрине, медицина қызметкерлері. Дүниеде одан асыл, одан қиын жұмыс жоқ екенін баршамыз әлдеқашан мойындап қойғанбыз. Медицина саласының қызметкерлеріне арналған «Шипалы алақан-2025» номинациясының жеңімпазын марапаттау мәртебесі Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманғазы Наукеновке бұйырды. «Шипалы алақан» номинациясының жеңімпазы — Дана Молдабаева. Дана Сағынжанқызы Қаражал қалалық орталық ауруханасында 1993 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз мамандығын жанындай сүйіп, жылдар бойы адал еңбек етіп, педиатриялық учаскеде көптеген бүлдіршіндердің сауығуына үлесін қосуда.
Әйел адам өмірдің қай саласында болмасын үлесін қосуда. Өндіріс саласы ер адамның қызметі ғана емес. Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Президентіміз өз Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деп жұмысшы мамандықтың маңыздылығын атап өткен болатын. Сол жұмысшы мамандықты абыроймен атқарып келе жатқан аруларымызға арналған номинация «Өндіріс саласының үздігі» деп аталады. «Өндіріс саласының үздігі-2025» номинациясын Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамының Көліктер цехында жеңіл көліктер легінің бастығы Әйгерім Серіковаға табыстады. Жалпы Әйгерім Ахметжанқызының қарамағында 120 көлік, 186 жұмыскер бар. Өндірістің от майданында ерлермен қатар жүрген өндірісші азаматша отбасында сүйікті жар, 2 баланың анасы.
Халыққа тікелей қызмет көрсету саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар біздің аймағымызда аз емес. Аталмыш номинация мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қызметте жеткен жетістіктері мен мемлекетімізді нығайтуда атқарған еңбектері үшін беріледі. «Адал қызмет» номинациясына биыл өте көп кандитат құжат ұсынғандықтан, комиссия екі жеңімпазды марапаттауды жөн көрген екен. «Адал қызмет-2025» номинациясын Қаражал қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Арынғазы Тәкібаев Айгерім Кульбаеваға табыстады. Айгерім Болатқызын Қаражал өңірінде танымайтын адам кем де кем. Жас болса да адалдығымен, еңбексүйгіштігімен танылған Айгерім Болатқызы қалалық білім бөлімінде балалықты қорғау бойынша бас маманы қызметін абыроймен алып келеді. Балалықты қорғау ол үшін жай ғана қызмет емес, аянбай еңбек ететін өмірлік мақсат. Дәл осы номинацияның екінші жеңімпазы Аружан Бөкеш – Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Ұлытау облысы бойынша департаменті Қаражал қалалық басқармасының жауапты орындаушысы болып қызмет атқарады. Ол жас болса да алғырлығымен, білімімен нәтижелі еңбегін көрсете білген өз ісінің маманы.
Келесі кезекте ұлағатты ұстаздарды марапаттайтын «Білім нұры-2025» номинациясын «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» ЖШС-нің директоры Жалғасқан Құрмансейітов Ұлжан Сатановаға табыстады. Ұлжан Шубайқызы – Қаражал қалалық «Балбөбек» бөбекжайында 2007 жылдан бері тәрбиеші болып қызмет атқарады. Оның басты мақсаты — ел дамуына үлес қосар толыққанды азамат болатын бүлдіршіндерді тәрбиелеу.
Кезекті номинациямыз «Іскер әйел» — жеке кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершілігі мен бизнесте жеткен жетістіктері үшін, қаланың қоғамдық және әлеуметтік өміріне белсене араласып, халықтың өзекті мәселелерін көтеріп, оның шешілуіне ықпал жасайтын азаматшаларға, сонымен қатар, волонтерлікпен айналысатын әйелдерге берілетін номинация. «Іскер әйел» номинациясының жеңімпазы Жәудір Шерімбетованы Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Артем Ким марапаттады. Жәудір Ільясқызы қолына алған ісін үлкен шеберлікпен дөңгелете білетін аяулы ана, қайырымды волонтер. Ол Қаражал-Жәйрем өңіріне ғана емес, еліміздің түпкір-түпкіріне танымал болып келе жатқан «Өндірісші волонтерлер» тобының белсенді волонтері, Жәйрем кентінің қоғамдық өміріне де барынша қатысып жүрген аяулы жан.
«Жас толқын» – қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, жергілікті бастамаларды дамытуға елеулі үлес қосып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген 15 пен 18 жас аралығындағы жастарға арналған номинация. «Ару ғұмырдың» бұл номинациясы биыл алғаш рет берілді. Аталмыш номинация жас қыздарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған. «Жас толқын-2025» номинациясының жеңімпазын «Қаражал қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Тілеш Аштаев марапаттады. Яғни, номинация жеңімпазы — Чолпон Асанова. Чолпон № 1 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы. Ол кішкентайынан мектептің және қаланың іс-шараларына белсене араласып жүрген жан-жақты, өнерлі оқушы. Чолпон ән айтып қана қоймай, қалалық өнер мектебінің театр, хореография, фортепиано бөлімдерінде оқып, облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанып жүр.
Барша жеңімпаздарға «Ару ғұмыр-2025» конкурсының статуэткасы мен ақшалай сертификаттар тарту етілді. Аналарымыздың, аруларымыздың қоғамның әртүрлі саласына қосып жүрген үлесін халыққа танытатын дәл осындай маңызды шара жыл сайын жалғасын таба берсе екен.
8 наурыз – нәзіктік пен күш-жігер, махаббат пен құрмет мерекесі. Бұл күн әйелдердің қоғамдағы рөлін бағалап, оларға алғыс білдіретін керемет мүмкіндік. Әйелдер қауымы тек осы күні ғана емес, жыл бойы құрметке лайық!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ