Ана аманатын арқалаған жол

Анам ерте қайтты… Иә, бүгінгі кейіпкеріміз сұхбатын дәл осы сөздермен бастады. Өмір жолын осы тұстан өрбітуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, кішкентай ғана қыздың журналист болу арманы – анасының арманы еді.

1989 жылы Қаражал өңірінде дүниеге келген Мөлдір Хамитқызы 2006 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылдың күзінде анасының аманатын жүрегіне түйіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің студенті атанды. Алайда, сол бір күздің қара суығында тағдыр тосыннан сынақ жіберіп, анасы аяқасты көз жұмады.

Отбасына келген ауыр қайғы жас қыздың тағдырын күрт өзгертті. Десе де, ол мойымады. Қайғы мен сағынышты қатар арқалап жүріп, журналистика саласының қыр-сырын меңгерді. Төрт жылдық оқуын абыроймен аяқтап, университет қабырғасынан үлкен өмірге қадам басты.

Балалық шақты артқа тастап, бір күнде-ақ Алматыға аттануды көздеген жас маман еңбек жолын Қазақ радиосының ақпараттық-сараптама бөлімінен бастайды. Кейін кәсіби ортада өзіндік қолтаңбасы бар, мықты редактор Қазыбек Исаның командасына қабылданады. Жауапкершілігі мен ширақ мінезінің арқасында аз уақыт ішінде көзге түсіп, «Жұлдыздар құпиясы» журналының шеф-редакторы қызметіне дейін өседі.

Алайда, жазғы демалысқа туған жеріне келген Мөлдір Хамитқызы осында тұрмыс құрып, тағдырын елмен байланыстырады. Содан бері, яғни, 2011 жылдан бастап, өңірдің қара шаңырағы саналатын «Қазыналы өңір» газетінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Жас журналисті бұл басылымға сол кездегі бас редактор, өзіне ұстаз болған Алтын Зәрубайқызы арнайы шақырған еді.

Содан бері міне, 14 жыл. Бір газет, бір ұжым, бір жол. Осы жылдар ішінде Мөлдір Хамитқызы қарапайым тілмен халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, елдің сөзін сөйлеуді өмірлік мұратқа айналдырды.

– Анамның арманы мені осы күнге дейін жетелеп келеді. Газет бетінен оқып үлгермесе де, әкемнің атымен шығып жүрген мақалаларымды халық оқып, халықтың батасын алып жүрмін, – деп түйіндеді сөзін бүгінгі кейіпкеріміз.

Бұл – бір адамның тағдыры ғана емес, бұл – аманатқа адалдықтың, мамандыққа деген шынайы махаббаттың көрінісі. Ана арманына айналған жолдың елге қызметпен жалғасуы – нағыз журналистік ғұмырдың үлгісі.

 Айгүл БАЙПЕЛОВА.