Жәйрем кентінде Қаражал қалалық «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға Қаражал қалалық «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, фракция жетекшісі Гауһар Наурызбаева, Жәйрем кенті әкімінің орынбасары Бектемір Темірбай, қалалық мәслихат депутаттары Марлан Шамбулов пен Данияр Жақсыбеков, сондай-ақ, мекеме басшылары қатысты.
Фракция отырысының күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу және «Мектепке жол» акциясы сынды өзекті мәселелер қаралды. «Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысы Анар Молдабаева жасаған баяндамада мүгедектігі бар азаматтар үшін инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» жобасы аясында Қаражал қаласы бойынша 46 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 24-і бейімделіп, жалпы жоспардың 52%-ы орындалған. 2025 жылы тағы 10 нысанды бейімдеу көзделіп отыр. Оның ішінде 4 нысан – №10 жалпы білім беретін мектеп, СЭС лабораториясы, жүзу бассейні және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – жыл соңына дейін толық бейімделеді деп күтілуде.
Қалған 6 нысан жартылай бейімделген. Олардың қатарында қалалық сот, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, полиция бөлімдері, мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлер палатасы және Жәйрем кентіндегі халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Жергілікті атқарушы орган тарапынан облыстағы жауапты тұлғаларға хаттар жолданған. Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне де 2025 жылы бейімделуге жататын нысандарды тексеру жөнінде ұсыныс берілген. Нәтижесінде мемлекеттік кірістер басқармасын биылғы тексеру жоспарына енгізу туралы жауап алынған.
Фракция отырысында бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді. Әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі – қоғамның әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадам екені айтылды.
Фракция отырысында сондай-ақ, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету мақсатында бірқатар мекемелер мен демеушілердің қолдауымен мектеп формасы мен оқу құралдары дайындалуда. Бұл игі бастама балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау және оған «аманаттықтар» әрқашан белсене қатысады.
«AMANAT» партиясының мүшелері де, партиядан сайланған депутаттар да бұл акцияға біркісідей қатысуды әдетке айналдырған. Биыл да жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі қайырымдылық акциясына жұмыла кірісіп кетті.
Теректі ШАҒАТАЙ.