Қаражал қаласында «АMANAT» партиясы фракциясының кезектен тыс отырысы өтіп, онда жаңадан қабылданған Конституция аясында енгізілген өзгерістер мен олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы жан-жақты талқыланды. Басқосуға «АMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Артем Ким, Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары Марлан Шамбулов, Айгүл Мәуленина, Нұрбек Құлжанов, Данияр Жақсыбеков, сондай-ақ, түрлі мекемелерден келген Бастауыш партия ұйымдарының басшылары қатысты
Жиында қатысушылар Конституцияның жаңартылған нормалары жергілікті басқарудың жауапкершілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің ашықтығын күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Олар жаңа құқықтық түзетулер азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға негіз болатынын айтты.
Сонымен қатар, өңірлердің дербестігін күшейту тетіктері бюджеттік саясаттың сапасын жақсартып, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға оң әсер ететінін жеткізді.
Отырыс барысында «АMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина тұрғындардың құқықтық сауаттылыққа деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары кезінде қойылған сұрақтардың көпшілігі әлеуметтік кепілдіктер, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй мәселелері және қоғамдық тұрақтылық сияқты өзекті бағыттарға қатысты болған. Бұл – қоғамда заңға деген қызығушылықтың күшейіп, азаматтардың өз құқықтарын білгісі келетініне дәлел ретінде бағаланды.
Фракция мүшелері кездесулер барысында туындаған ұсыныстарды талдап, халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүйелеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары қаралып, партияішілік өзара әрекеттестікті күшейту, өңірде шешімін күткен мәселелерді бақылауда ұстау және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау жөнінде ортақ пікір қалыптасты. Отырыстың соңында қатысушылар фракция жұмысының тиімділігін арттыру және тұрғындармен тұрақты байланыс орнату бағытындағы шараларды жалғастыру қажеттігін айтты.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық «АMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі.
