«Заманына қарай – адамы» деген бар ғой. Осы қағиданы бүгінде алаяқтар қатты ұстанған сыңайлы. Оған цифрлық технология да оңтайлы келді. Осы заманауи үрдісті үйреніп алған олар елді алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Ал, олардың бұл торына, әсіресе, аға буын өкілдері көптеп түсіп жатады.
Қазір әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз, «Алаяқтар алдап кетті», «Қаржы пирамидасының қақпанына түсіп қалдым» деген жазбаларды көптеп кездестіруге болады. Солардың дені – көзі ашық, оқыған-тоқығаны бар азаматтар. Арасында аға буын өкілдері де жүр. Оқығандар опық жеп жатса «өз обалы өзіне» дейміз. Ал енді, қазіргі цифрлы технологиядан хабары жоқ, электрондық әмияндардың «әлегін» біле бермейтін қарт адамдарды алаяқтардың арбауынан қалайша қорғауға болады? Бұл жөнінде Fingramota.kz сайты жап-жақсы кеңестер айтқан екен. Соны оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
«ҚАУІПСІЗ» ШОТ
Алаяқтар зейнеткерлерге телефон соғып, өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, олардың карточкаларынан бейтаныс біреулердің ақша алуға әрекет жасағандары жөнінде айтады. Ол үшін клиент өз қаражатын дереу қауіпсіз шотқа ауыстыруы қажет деп, ізінше қарияның интернет немесе мобильді банкингті қолдануды біліп-білмейтінін нақтылайды. Содан кейін оған зейнетақысын қашықтан қалайша аударуға болатыны жөнінде нұсқау береді, телефонына қосымшаны жүктеуді ұсынады немесе ақшаны дереу банкомат арқылы аударуға кеңес береді.
Мұндайда не істеу керек?
Есіңізде болсын, телефон алаяқтары қарт адамдардың сеніміне кіру үшін барлық айла-шарғыларды қолданады. Мұндай жағдайда ең бірінші кезекте әңгімені дереу тоқтатып, сізге қызмет көрсететін банкке телефон соғу қажет. Банктің байланыс нөмірі карточканың артқы бетінде жазылып тұрады.
Ешқашан қоңырау шалушылардың қандай да бір нұсқауын орындамаңыз: ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшалар орнатпаңыз және қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің талаптары бойынша SMS-хабарламалардың сілтемелері бойынша әрекет жасамаңыз.
Өзіңіздің дербес деректеріңізді, CVC/ CVV-код (картаның сыртқы жағында көрсетілген үш таңбалы код), растау кодтары, ПИН-кодтар сияқты карточканың деректемелерін ешкімге хабарламаңыз. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері, банктердің колл-орталықтарының операторлары бұл ақпаратты ешқашан телефон арқылы сұрамайды.
ЖАЛҒАН НЕСИЕ РЕСІМДЕУ
«Сізге банктің атынан хабарласып тұрмыз» деп қоңырау шалып, қандай да бір сомаға несие ресімдеуге өтінім берген-бермегеніңізді нақтылайды. Егер сіз шын мәнінде өтінім бермеген болсаңыз, онда алаяқтардың сіздің атыңыздан кредит алмақ ойлары бар. Алаяқтар жоғарыда айтылған схемамен жұмыс істейді: сізге шұғыл шаралар қабылдау және олардың нұсқауларын орындау қажет екенін айтады. Бұл үшін олар сізге ұялы телефоныңызға орнататын және деректеріңіз қорғалатын қосымшаға сілтеме жібереді. Бағдарламаны жүктегеннен кейін телефоныңызға SMS-хабарлама немесе электронды пошта арқылы хабарлама келеді, содан кейін банктің жалған қызметкері кодты атауды сұрайды және өкінішке қарай, кредитті беріп үлгергенін, бірақ алаяқтар ақшаға қол жеткізе алмағанын айтады. Содан кейін алаяқ өзі айтқан басқа шотқа осы ақшаны аудару арқылы қаржының өзіңізде қалатынына сендіреді.
Мұндайда не істеу керек?
Біріншіден, кредит «рәсімделді» деген банктің филиалына қоңырау шалыңыз немесе барыңыз және қалыптасқан жағдайды шешу үшін мүмкіндігінше жедел түрде ресми өтініш жазыңыз. Өтініштің кіріс нөмірі бар көшірмесін міндетті түрде алыңыз.
Сізге қоңырау шалынған нөмірді банктің қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз, сондай-ақ, құқық қорғау органдарына өтініш жазуды ұмытпаңыз.
«ФЕЙК» АУДАРМА
Сізге банк картаңызға белгілі бір қаржы сомасының аударылғаны туралы SMS келді. Ізінше, олар сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, ақшаның қате аударылғанын айтып, сізден кері аударуды сұрайды. Алаяқтар сіздің көңіліңізді «жібітіп», өздері туралы көптеген мәліметтерді, яғни, бұл олардың соңғы ақшасы екенін, олар жұмысынан айырылғандықтары, қаражат емделуге қажет екендігі сияқты бір сарынды «ақпарат» айтады. Бұл – сізді алдарқатуға тырысатын белгі. Кейде қоңырау шалушылар сізге «мазалағандары үшін» бонус ретінде қаражаттың аз бөлігін өзіңізге қалдыруды ұсынады.
Мұндайда не істеу керек?
Егер оларға сеніп, аударым жасасаңыз, онда сіз ақшасыз қалып қана қоймайсыз, сонымен қатар өзіңізге қосымша қиындықтар туғызасыз. Өйткені әлеуетті сатып алушы тауарды алмай, құқық қорғау органдарына жүгінуі мүмкін. Сіз ақша алушы ретінде алғашқы күдікті боласыз.
Сондықтан, егер белгісіз біреулер сіздің шотыңызға белгілі бір соманы аударса, онда ешқандай жағдайда оны қайта аудармаңыз және шешіп алмаңыз. Өз банкіңізге хабарласыңыз, онда сізге осы қате аударыммен не істеуге болатынын түсіндіреді.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНАН ТҮСЕТІН «ҚОҢЫРАУЛАР»
Алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, сіздің танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыздың келеңсіз жағдайға тап болғанын хабарлауы мүмкін. Мысалы, адамды көлік қағып кеткені, ауруханада жатқаны немесе терактіге қатысқаны туралы.
Осы мәселені шешу үшін сізден белгілі бір мөлшерде ақша аударуды сұрайды. Бір жағынан, айтқандары айтарлықтай әсер қалдырды, екінші жағынан, сұрап отырған сома тез төлей алмайтындай көп те емес. Негізінен, мұндай алдаудың құрбандары – жақын адамына көмектесу үшін соңғы ақшасын беруге дайын қарт адамдар.
Мұндайда не істеу керек?
Ең дұрысы, мұндай сәтте сұрақ қоя бастау. Күдікті қай полиция бөлімшесінде? Ол қандай баппен айыпталып отыр? Әрекет қашан орын алған? Адвокаттың көмегі ұсынылды ма, адвокаттың аты-жөні кім? Сонымен қатар ҚР ІІМ жедел желісіне және аудандық полиция бөлімшесіне қоңырау шалу керек. Ешбір жағдайда үрейге бойалдырмаңыз, бейтаныс адамдарға ақша беріп, шотына ақша аудармаңыз.
ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРДІ ЕШКІМГЕ АЙТПАҢЫЗ!
– Қарт адамдарға өзі жете танымайтын адамдардың сөзсіз сенудің қажеті жоқ екенін түсіндіріңіз, тіпті, олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып таныстырса да;
– Егер қоңырау шалушылар сізге аты-жөніңіз бойынша жүгінсе және сіздің мекен-жайыңызды білсе, бұл адамдар ресми адамдар дегенді білдірмейді. Бұл деректерді көптеген жолдармен алуға болады, олар, тіпті, интернетте жалпыға қолжетімді;
– Қызметкердің аты-жөні мен лауазымын міндетті түрде сұраңыз және олар өкілі болып қоңырау шалып отырған ұйымның жедел желісіне немесе колл-орталығына қоңырау шалу арқылы қайта тексеріңіз;
– Егер жақын адамыңыз бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, қиыншылыққа тап болғанын айтса, оған ақша аударуды сұраса, сөйлесуді аяқтап, оған қайта қоңырау шалыңыз;
– Өзіңіздің жеке деректеріңізді, банктік картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV-кодты, құпия сөзін және ақша қалдығын ешқашан және ешкімге айтпаңыз;
Есіңізде болсын, банк қызметкерлері, банктердің колл-орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды мәліметтер тек алаяқтарға қажет.
Өзіңізді, жақындарыңызды алаяқтардын қорғай біліңіз және қаржылық сауаттылықты Fingramota. kz арқылы арттырыңыз!