АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ТУРАЛЫ БАҚ-та ЖАРИЯЛАНҒАН ҒЫЛЫМИ ДЕРЕКТЕР

Амангелдиева Г.С.

Әлихан Бөкейханның адамшылығы, қайраткерлігі мен кісілік қасиеттерімен ерекшеленді. Ол пікірлестері мен жолдастарының еңбектерін қай уақытта да орынды бағалай білді. Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идеяны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын.

1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» деп жазады [1].

Көптеген деректерді қамтыған бірнеше мақаладан үзінді келтіреміз:

Өмірзақ Сұлтановтың еңбегі негізінде алын,ан «Әлихан Бөкейханов қай банкте жұмыс істеген?» деген мақалада автор былай дейді: «Әлихан жұмыс істеген Дон Жер Банкісі мен ол тұрған үйді тауып, айнала қарап, суретке түсіріп алудың реті келді. Оны іздестіріп, тауып алуға бірталай уақыт жұмсадық. Ондағы бізге ең алдымен көмек болған Самарада шыққан кітаптар болды. Соның ішінде жергілікті өлкетанушы, жазушы С.Д.Севостьяновтың «Экскурсия по старой Самаре» (2013) кітабының пайдасы көп болды. Оның себебі, жоғарыда СПб РМТМ қорынан табылған Әлиханның жазған өтінішінде 1915 жылы Самарада тұрған мекенжайын көрсеткені белгілі. Алайда, қазір онда Казанская деген көше жоқ екен. Ол 1932 жылдан Алексей Толстой атымен аталыпты. Мұндағы назар аударатын ең басты нәрсе Әлихан тұрдым деген үй — Казанская, 30, қазіргі А.Толстой, 30 емес екен. С.Д.Севостьянов пен Е.Я.Суровиковтың жазуы бойынша қазіргі А.Толстой, 30, бұрынғы  Казанская, 28. Бұл ғимаратта Дон Жер Банкісі орналасқан, ал оның іргесіндегі Казанская, 30 екі қабаттан тұратын үй, қазіргі А.Толстой, 32. Әлихан кейбір зерттеушілер жазып жүргендей банк ғимаратында емес, онымен жапсарлас осы үйде тұрған дейміз. Келешекте бұл үйге ескерткіш тақта қойылатын күн келер деп сенеміз» [2].

Әлихан Бөкейханның экономикалық білімінің ұшан теңіз екендігі жайлы көптеген деректермен қамтылған мақала өте құнды.

Әлихан Бөкейхановтың балалық шағы көп айтылмайды. Тарих пәнінде де көбіне Алаш үкіметінің құрылуы, сол кездегі еңбектері мен қазақ баспасөзіне жазған мақалалары айтылады. Ал, ол балалық шағын қалай өткізді?:

Айгүл ІСІМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, əлихантанушы:  «Алты жасқа дейін Əлиханның тілі шықпапты. Маңайындағы кісілер «бұл кемтар болып қалды» деп уайымдай бастаған. Бірақ, алты жастан кейін сөйлеп кеткен. Онда да көп сөйлемейді, көп тыңдайды. Ерекше бала болғанын ата-анасы бірден білген. Қимыл-əрекеті шапшаң, шымыр болған. Асық ойнағанда бəрін ұтып алады. Бірақ, қайтадан таратып береді. Балаларда көреалмаушылық пайда болып, кектеніп қалмасын деген бекзадалық болмысы бұл. Мен үшін бұл өте құнды ақпарат болды. Ел оны «сөйлей алмайды, мылқау» деп жүрсе, ол ұтып алған асықтарын таратып беріп жүрген. Мұның өзі иманды ортада өскенін дəлелдейді. Əлихан үйінің тұңғышы. Содан кейін Смахан, Базылхан, Əзілхан, Тəтіқан деген  бауырлары, Нұрбек деген жалғыз қарындасы болған. Əлиханның ата-анасы туралы айттық, ал анасы кім болған? Əлиханның анасы мен Шəкəрім Құдайбердіұлының анасы туған апалы-сіңлілі болған. Атақты Мамай батырдың немерелері. Алты жасында «біссіміллə рахман рахимге» тілі келген балаға Құран үйрететін. Əлихан алты жасынан сауат ашқан. Анасы Бегім ханым, Шəкəрімнің анасы Төлебике ханым тобықты руынан шыққан. Бұлар өте сауатты, қасындағы адамдарға дін үйретіп, арабша, парсыша жазуды үйреткен. Ел ішінде қайырымды, өнегелі жандар болған. Ертегі, жырларды жатқа білген аналар. Осындай аналардан Əлихан мен Шəкəрім сияқты тұлғалар шығып отыр», — деп ғалым қызықты д.ниелерді айтып береді [3].

Алаш қайраткерінің қызықты да мұңды балалық шағы туралы мақаланы оның қайраткерлігімен жалғастырғым келеді. Өйткені, көптеген тың деректер ашылып жатыр. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап жасырын қалған мол мағлұмат халыққа ұсынылып жатыр. Солардың бірі Азаттық» басылымында жарияланған мына мақала:

«Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана.

Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.

«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары осылай баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы (Қошке Кемеңгеров) «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді. Бұл кез отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, оны пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кез еді.

Патшалық Ресейдің отыршылдық саясаты жыл өткен сайын күшейіп, қазақ ішіне дендеп ене түсті, соның кесірінен хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес этнос ретінде өмір сүруіне қатер төнді.

Әлихан Бөкейхан ауторы әрі редакторы болған «Голос степи» газетінің 1907 жылы қаңтардың 13-і күні шыққан саны.

1889 жылы «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уалаятының газетінде» жарияланған өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды.

«Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені… білмейді һәм солар надан болған соң қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң… (Құдайындай иланады)… Бір сорлы қазақ бар ма екен… «жақсы» атанып жүрген қазақтар менен моллалардан көрмеген?.. Сол моллалар надандығыменен дінге қарсы өтірік айтады…» деп жазды «Қ. оязындағы моллаларының баяны» деген мақаласында.

«Баспаханаға хат» атты мақаласында аутор Зұлымбай Қарымбаев секілді қазақ бай-болыстарының, сондай-ақ Мүсәпір Бейшарин тәрізді қазақ кедейлерінің жиынтық кейіпкерін жасады: «Біздің сөзіміздің растығын байқайын дегендер елдегі тілмәштің список жорналын алып, кез-келген жерінен оқып көрсе болғаны, мына жорналдан Зұлымбай Қарымбайұлын көрсе, 15 жылқысы, 100 қойы бар деп жазулы тұрады. Анығы 300 жылқы, 700 қойы болса да һәм Мүсәпір Бейшараұлын көрсе — 50 қойы бар, 5 жылқысы бар деп жазылып тұрады. Ол сорлының іліп алар һеш нәрсесі болмаса да сондай бейшаралар, яғни уақытымен алым бермеймін, һеш нәрсем жоқ деп азар да базар болады».

Ол болыстарды, писарлер мен тілмәштарды «сұм», «залым» адамдар қатарына жатқызды.

Басқа бір мақаласында аутор былай дейді: «Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».

23 жасар Әлихан сол кездегі қазақ қоғамы мәдениетінің төмендігін, адами әдеп пен ахлақтың жоқтығын өкіне отырып айтады. Халықтың жаппай сауатсыздығы, болыстық билік үшін ру аралық күрес, барымта, байлар мен күштілердің кедейлер мен әлсіздерді аяусыз езуі етек алды деп санайды.

Бұл жылдары, Әлиханның көзқарасынша, қазақ халқы бай мен надан молдалардың және отаршыл биліктің үш жақтан бірдей езгісіне түсті.

Бірақ Әлихан қазақтар туралы: «Қыр халқы… ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң…», – деп жазды.

Әлихан Бөкейхан кезіндегі құдыретті Қазақ хандығының бірлігі мен күш-қуатынан айырылып, отарлық тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп шықты.

Ол қазақ хандары мен сұлтандарының, ру көсемдері мен билерінің Ресей империясы өкілдерімен жазысқан хаттарын зерттей келе кейбірін газеттер мен арнайы жинақтарда жариялады. Сондай-ақ даланың тағы бір көшпелі элитасы – Кенесары хан бастаған қарулы көтеріліс туралы ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді жинақтады. Әлихан Бөкейхан осы ізденістердің арқасында бірнеше келелі тұжырымдар жасап, ой қорытты.

Қазақтың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебін ол ел тізгінін ұстағандардың, тіпті ең қатерлі кездің өзінде, яғни жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел ішінде ауызбірлік орната алмауынан көреді.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан шығарған «Иртышъ» пен «Омичъ» газеттері.

«Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, – деп жазады Әлихан Бөкейхан, – күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті» [4].

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 жыл.

партиясы Қазан төңкерісінің қарсаңында Ресейдегі елуге жуық партияның ішінде сегізінші орында тұрған еді.

Әлихан Бөкейхан шынайы демократтық жолға түсті. Шынайы саясаты бағамдай білетін ол өз елінің Ресей федеративті парламенттік республикасының құрамында болашағы болмайтынын аңғарды.

Алаш көсемі 1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде Батыс майданның тылында жүрген болатын. Күтпеген төңкерістен кейін ол Орал облысы мен Бөкей ордасында қазақ сиездерін ұйымдастырып, өткізу үшін майданнан Шафқат Бекмұхамедұлы мен Уәлидхан Танашұлын жібереді. Оларға сиезде қазақтың белгілі ақыны, күйші, Орынбор кадет корпусының түлегі, Әбілхайыр ханның беделді тұқымы Шәңгерей Бөкейұлын жетекші етіп сайлауды аманаттайды.
Аманатты мойындарына алғанда еш қарсылық білдірмеген бұл екеуі неге екені белгісіз Бөкей ордасына барар жолда Шәңгерейге қарай ат басын бұрмаған. (Бұл жайт 1933 жылы Алматы мен Қызылорда қалаларында шыққан, Нұғыман Манайұлы құрастырған Шәңгерей Бөкейұлының өмірі туралы кітаптың алғысөзінде суреттелген).

Әлихан Бөкейхан осы аманат арқылы Орынборда өтетін жалпықазақ сиезінде Шәңгерей Бөкейұлын «Алаш» жетекшісімен тепе-тең жағдайда Алашорда аутономиясы үкіметінің (Халық кеңесі) төрағасы қызметіне нағыз демократиялық сайлау жолымен дауысқа түсіруді көздеген болатын.

Алайда сиезде онымен бірге басқа екі кандидаттың (тағы да Әлихан Бөкейханның ұсынысы бойынша Екінші Дума депутаты Бақыткерей Құлманов пен Айдархан Тұрлыбаевтың) дауысқа түскені белгілі. Әлихан Бөкейхан бұл ұсыныстарынан Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады.

1914 жылы оның серіктестері әрі достары, сол кезде Орынбор қаласында шығып тұрған

«Қазақ» газетінің бас редакторы мен орынбасары – Ахмет

Суретте: Алаш басшылары (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.

Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «газет бетінде үкіметке қарсы мақала жариялады» деген желеумен тұтқынға алынды.

Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалары, сондай-ақ… қазір Алматыда өмір сүретін немере туысының қолында сақтаулы тұрған насыбай шақша ғана қалды.

Әлиханды 1933 жылы Мәскеуде бір-ақ рет көрген қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриям 2000 жылы жеке кітап болып шыққан өз естелігінде Алаш көсемінің тұлғасына деген ерекше таңданысын: «Бөкейханов өте тартымды адам екен… Сырт келбетінен нағыз ақсүйектік қасиет байқалады. Маңғаз, жүзі суық» (Мәриям Мұқанованың «Сағынышым – Сәбитім» кітабынан) деп суреттейді.

Смахан төренің естеліктерінде Әлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны айтылады.

Алайда, Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді» [5].

Осындай құнды деректерді келесі мақаламен толықтырамыз.

Аманжол Қошанов «Егемен Қазақстан» газетіне «Әлихан Бөкейханов: Қазақ жері — мал кіндігі, ұлт меншігі» деген мақала жариялайды. Онда қазақтың қамын ойлаған Әлихан Бөкейхановқа қатысты деректер келтірілген: «Шын мәнінде, Әлекең алған базалық білімі тұрғысынан – экономист. Ол 1894 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық орман шаруашылығы академиясының экономика факультетін бітірген. Тергеу материалдарында тіркелген жеке іс қағаздарының бірінде ол мамандығым «оценщик» деп те көрсетеді. Замандастары Әлекеңді қазақ жерінің, оның асты-үсті табиғи байлықтарының терең білгірі ретінде мойындаған. Ә.Бөкейхановтың эконо­микалық көзқарасының қалып­тасуы, әрине, оның Ф.А.Шер­бина (1896-1903 жж.) және ака­демик С.П.Швецов (1903-1904 жж.) басқарған ғылыми-зерт­теу экспедицияларына қа­ты­суымен байланысты болды. Басқарушысының атымен атал­ған «Щербина экспедиция­сы» Семей және Ақмола облыс­тар­ын­дағы 10 уездің табиғи ортасы мен осы өңірдегі жұрттың ша­руашылық жүргізу жүйесі мен мәдениетін зерттеуге алып, экспедиция материалдары көп­томдық түрінде баспадан шығып, оның 4, 6, 9 және 11 томдары Ә.Н.Бөкейхановтың атсалысуы­мен жарық көрді. Көптомдық ең­бектің 4-ші томы, мәселен, Пав­лодар уезіне арналып, томда берілген уез тұрғындарының мұн­да келіп орнығу тарихын, ру жә­не әулеттер шежіресін Әлихан Бөкейханов жазды. Сондай-ақ, ол Алтыбай және Қызылтау болыстары туралы очерктерді дайындауға қатысады. Әлекең қазақ жеріндегі қой шаруашылығын Ресейдің малға бай деген Астрахань, Таврия губернияларындағы және Дон облысындағы жағдаймен салыс­тырады. Мәселен, 1897 жылға тиесілі көрсеткіштер бойынша: Астрахань губерниясында 1 адам басына шаққанда – 2,45 бас қой; Таврия губерниясында – 1,80 бас қой; Дон облысында – 1,05 бас қой өсірілген. Ф.А. Щербина экспедиция­сының көрсетулері бойынша бұл көрсеткіш: Семей облысында – 5,47 бас; Ақмола облысында – 3,93 бас қойдан келген. Осы көрсеткіштерге сүйене отырып Әлекең: қазақ даласы тұрғындарының қажетіне өсірілетін қой саны Еуропалық Ресейдің ең малға бай деген губернияларынан анағұрлым асып түседі деген тұжырым жасайды. Осы тарауда Әлекең қазақ қойларына сипаттама бере отырып: «Ақ қойды қазақ байлары өсіреді, өйткені, ақ қойдың жү­ні­­нен қазақтың бай киіз үйіне қажет ақ киіз даярланады. Бі­­рақ ақ қой аязды қысқа төзімді емес. Яғни орта және кедей қа­зақ қожалықтарына ақ қой өсі­ру тиімсіз, сондықтан да бұл қо­­жа­лық иелері қою түсті қой өсіруге бейім. Қазақ қойлары­ның басым бөлігі боз және қоңыр болып келеді», – деп жазады автор [6].

Мақала барысында Әлихан Бөкейхановқа қатысты жаңа мәліметтерді және көп айтыла бермейтін құнды дүниелерді жазған мақалаларды ғана іріктеп алынды. Тарих қойнауында жатқан сырлар әле де ашыла түсетін болады. Бастысы қазақ баласының бойындағы «Мен қазақпын» деген  ұлтқа, Отанға, тілге деген махаббат жойылмаса болды!

 Әдебиеттер:

  1. «Түрік баласы» // «Қазақ», 1913, № 7.
  2. Ж.Амандосов. Әлихан Бөкейханов қай банкте жұмыс істеген? // Ана тілі, 2013 ж.
  3. А.Ісімақова. Әлихан Бөкейхановтың балалық шағы // Ақ желкен, №10, қазан, 2016 ж.
  4. Түрік баласы. Қазақтың тарихы. «Қазақ», 1913, № 2.
  5. Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ. «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толды. //Азаттық, 04 наурыз, 2011ж.
  6. А. Қошанов, Әлихан Бөкейханов: Қазақ жері — мал кіндігі, ұлт меншігі // «Егемен Қазақстан» газеті