Биыл өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаражал қаласының Құрметті азаматы болған Төлеухан Ілиясұлының өмірден озғанына бір жыл толып отыр.
Жезқазған облысының «Центральный Казахстан» газетінің меншікті тілшісі, «Атасу-Жәйрем Ақпарат», «Қаражал», «Қазыналы өңір» газеттерінің бас редакторы болып қызмет атқарған, кітапханамыздың тұрақты оқырманы болған Төлеухан Ілиясұлы – артында мол рухани мұра қалдырған қаламгер.
Ол «Озатын ел ойшыл келеді», «Өмір-өзен», «Жайрем-Атасуйский рудный регион», «Солдат всегда солдат», «Мир Асатова», «Шинара моя, Шинара», «Біз – Мұғалдармыз», «Өмір сүргім келеді», «Қаражал – город горняков», «Жаңаарқа нақыштары», «Есімде қалған есімдер», «Сарбазы Сарыарки», «На фронте четвертой власти», «Сәкеннің соңғы мүмкіндігі», «Адамзаттың абзалы – Мұхаммед», «Каражалские зори», «Бар байлығым – ғұмырым», «Әкемнің даналық сабақтары» сынды көптеген кітаптардың авторы.
Төлеухан ағамыздың арамызда жоғы жүрегімізге батып, көңіліміз жабырқаулы күйде жүргенімізге де 1 жыл өте шығыпты. Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленген қаламгер қазақ әдебиетінің өркендеп, қанат жаюына елеулі үлес қосты.
Ағамыз кеткенмен, ағамыздың жарқын бейнесі, сөзі өлмейді. Қаламгердің өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге, өнері үлгі ретінде мәңгі жасап, аласармай биіктей беретіні хақ!
Мадина АЙТБЕКОВА,
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.