Алаңдауға негіз жоқ, әйтсе де сақтық қажет

Жаңа жылдың басы жайсыздау хабармен басталды. Шығыстағы көршімізден «метапневмовирус» деген пәле шығып, оның штамы әлемге таралып жатыр деген әңгіме елді тағы дүрліктірді. «Қайтадан қашықтықтан жұмыс істеу, онлайн оқу болады екен» деген алып-қашпа әңгімелер ел арасында желдей есуде. Алайда, мамандар мұның бәрі негізсіз екенін айтуда.

Бұл мәселе аптаның басында Үкіметте өткен брифингте егжей-тегжейлі айтылды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлемде метапневмовирустың таралуына байланысты Қазақстан мектептерінде шектеу енгізіле ме деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сайты. «Еліміздің білім беру жүйесі түрлі сынақтарға дайын екенін көрсетті. Бұл 2020 жылдағы індет кезінде жиналған тәжірибенің жемісі. Сол себепті колледждер мен мектептердің бәрі осындай жағдайға дайын болуға қажетті жабдықтармен толықтай қамтылған. Бірақ, қазіргі жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту керек», – дейді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев брифингте.
Елді алаңдатқан мәселеге орай Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да мәлімдеме жасады сол баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жауабына негізделеді. «Жақында денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге қатысты жауабын берді. Министрлік ДДСҰ-ға сауал жолдаған. Ұйым бізге ғана емес, басқа да елдерге жауап берген. Ұйымдағылардың айтуынша, бұл вирус ондаған жылдар бойы таралып келе жатқандықтан, қатты үркудің қажеті жоқ, бірақ, аурудың алдын алу шараларын ұмытпаған жөн. Біз де осы жауапқа сүйенеміз. Сол себепті вирустың кең таралу кезеңін бірге өткеруіміз керек», – дейді Премьердің орынбасары.
Мамандар сондай-ақ, «СҚ-Фар­мация» Қазақстандағы қоймаларда жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының инфекциясын емдеуге арналған препараттардың қажетті қоры барын да айтып отыр. Одан бөлек, мамандар метапневмовирус (hMPV) қаншалықты қауіпті екені туралы сауалдарға жауап берді.

Ізбасар ОЙБАС.