Қала басшысы Тілектес ДОСАЕВ қала әкімдігінде мердігерлермен жиналыс өткізді. Жиынға қалалық бөлім басшылары, депутаттар корпусы, Қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері шақырылды. Қарастырылған тақырып қалада жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу және абаттандыру жұмыстарының сапасы туралы болды.
Айта кетейік, қала әкімі әр нысанға апта сайын арнайы барып, жұмыстардың атқарылу сапасын тексеріп отырады. Бұл жолы ол жұмыстарға көңілі толмайтынын қадап айтты. Әсіресе, №4 үйдің құрылысына айрықша тоқталды. Мердігермен тілдесіп, жұмыстың жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, депутаттардың жасап жатқан жұмыстарына тоқталды. Желтоқсан айында әр нысан бойынша мандат иелері, бөлім басшылары, Қоғамдық кеңес мүшелері белгіленіп, олар құрылыс жүріп жатқан нысандарды тексеріп, жұмыс барысын қадағалап отыруы тиіс болатын. Осы мәселеге жекелеген депутаттар мен Қоғамдық кеңестің кейбір мүшелері немқұрайды қарайтынын мәлімдеді.
Қала басшысы алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауын талап етті, Бөлініп берілген әр нысанға жауапкершілікпен қарап, өз қаламыз үшін жасалып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалау керектігін айтты.
Ол сондай-ақ, қала халқына бейнеүндеу жолдады. «Қаламыз үшін жасалып жатқан жұмыстарға немқұрайды қарамауларыңызды өтінемін. Қалада істеліп жатқан жұмыс көп, бір кемшілікті байқасақ, басқа нәрсе көзден таса қалуы мүмкін. Сол себепті, қаражалдықтар, сіздерді де бізбен бірге құрылыстың басы-қасында болып, жұмыстарды қадағалап отыруға шақырамын. Өз жеріміздің көркеюіне бірге үлес қосайық» делінген ол үндеуде.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ