Қала, аудан әкімдеріне сөгіс жариялады

Аптаның басында өткен кезекті аппарат жиынында 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу және «Таза Қазақстан» экологиялық бастаманы орындау туралы мәселелер қаралды. Осы орайда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков кемшіліктерге жол берген қала, аудан әкімдеріне сөгіс жариялады.

Кеңесте алғашқы сұрақ бойынша экономика басқармасының басшысы Нұрлан Абдукалимов баяндама жасады. Баяндамаға орай облыс әкімі 2024 жылдың қорытындысы бойынша белгіленген көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген, жылдық жоспар орындамаған әкімдер мен басқарма басшыларының есебін тыңдады.
Жиында өңір басшысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпорындар мен өңір әкімдіктерімен тығыз жұмыс жүргізбейтіндігін алға тартып, сала жұмысын үйлестіру, өңірге инвестиция тарту деңгейін сынға алды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу ісінде конкурстық жұмыстар мерзімінің ұзаққа созылуы – жобалардың уақытына тікелей кері әсер ететінін айтып, биыл аталған істің қатаң қадағалауында болатынын жеткізді. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жылдық жоспарға сәйкес конкурсты уақытылы ұйымдастыруды, жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттырып, оқу семинарларын ұйымдастыруды тапсырды.
Аппарат отырысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков 2024 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысына сәйкес жіберілген кемшіліктерге байланысты кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына, Сәтбаев қаласы, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының әкімдеріне, сонымен қатар, Жезқазған қаласының әкіміне заңсыз төгілген қоқыстарды жою жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылмауы себепті сөгіс жариялады.

Ізбасар Ойбас.