Қасиетті Рамазан айы – мұсылман жұртшылығы үшін рухани тазарып, сауапты істерге көбірек ден қоятын ерекше кезең. Бұл айда адамдар бір-біріне жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға асығады. Осындай игі дәстүрдің жарқын көрінісі ретінде Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көптеген отбасы мен балаларға қуаныш сыйланды.
Рамазан айындағы сауапты амалдардың бірі – зекет пен садақа беру. Осы мақсатта Қаражал қалалық мешіті «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық акциясын өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен 13 отбасыға азық-түлік себеттерін табыстады. Бұл қоржындарда күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктер қамтылып, мұқтаж жандарға айтарлықтай көмек болды.
Мұндай шаралар қоғамдағы мейірім мен бауырмалдықты арттырып, адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын нығайта түседі. Қайырымдылық шаралары мұнымен ғана шектелмей, балаларға да қуаныш сыйлады.
Қаражал қалалық мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Балбөбек» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арнайы тәттілер таратылды. Балабақшада тәрбиеленіп жатқан 255 бүлдіршінге Рамазан тәттілері үлестіріліп, олардың жүздеріне шаттық ұялатты. Балалардың қуанышы мен шат күлкісі – бұл игі істің ең үлкен нәтижесі болды.
Аталған қайырымдылық шараларының өтуіне қолдау білдірген жомарт жандарға «Нұр» мешітінің бас имамы Талғат Советов алғыс білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
-
Осындай сауапты іске үлес қосып, қолдау білдірген барша жомарт жандарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Алла Тағала жасаған әрбір қайырымдылықтарыңызды қабыл етіп, ризық-несібелеріңізді арттырсын. Әрбір жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын, — деп ризашылығын білдірді.
Ислам діні адамдарды әрдайым жақсылық жасауға, мұқтаж жандарға көмектесуге үндейді. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім бір мұсылманның қиыншылығын жеңілдетсе, Алла Тағала қиямет күні оның қиыншылықтарының бірін жеңілдетеді» делінген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Садақа малды кемітпейді» деп айтылған. Бұл хадистер мұсылман қауымын қайырымдылық жасауға, өзгелердің жағдайына бейжай қарамауға шақырады.
Әсіресе, Рамазан айында жасалған әрбір игі іс пен қайырымдылықтың сауабы еселене түседі. Қаражал қалалық мешіті ұйымдастырған бұл шаралар – қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Мұндай игі бастамалар адамдардың жүрегіне мейірім ұялатып, мұқтаж жандарға демеу болары сөзсіз.
Алла Тағала осы қайырымдылық шарасына үлес қосқан барлық азаматтарға мол сауап жазып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, кәсіптеріне береке нәсіп етсін. Жақсылық жасаудан жарысқан жамағатымыз көбейіп, қоғамымызда ізгілік пен мейірім әрдайым үстем болғай.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
