Айтылды – жасалды

Қалалық мәслихаттың депутаттары сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін олардың арыз-шағымдарын, өтініш-тілектерін ұдайы назарда ұстау үшін өздеріне бекітілген мекендерді аралап, кездесулер өткізеді. Соның нәтижесінде, көпшіліктің көкейіндегі түйткілді мәселелердің біразының түйіні тарқатылды.

Осылайша, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған халық қалаулылары өңірдің өзекті мәселелерін шешуде ұйытқы болып келеді.

Нақтылап айтатын болсақ, қалалық мәслихаттың депутаты Гауһар Наурызбаеваға Жеңіс станциясына тоқтап жүрген Жезқазған–Алматы бағытындағы пойыздың аялдамасын аталған станциядан алып тастауы Қаражал қаласы, Жәйрем кентінің тұрғындарының наразылығын тудырып, шешу жолдарын табу туралы өтініш білдірген.

Осы мәселе бойынша қалалық мәслихат депутаты Гауһар Наурызбаева «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқармасының төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа депутаттық сауал жолдап, бұл аялдаманың маңыздылығын ашып көрсетті.

Нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың жауабына сәйкес, 2025–2026 жылдарға арналған пойыздар қозғалысының жаңа нормативтік кестесі аясында, 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап Жеңіс станциясында №73/74 «Алматы-2 – Жезқазған» жолаушылар пойызы үшін 2 минуттық тұрақ уақыты белгіленетін болады.

Аталған өзгеріс теміржол желісінің тиімділігін арттыру және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында енгізілді.

Депутаттық корпус өз сайлаушыларының аманаттарын орындалуын бақылауда ұстайды.

Қалалық мәслихат баспасөз қызметі