Өткен аптаның соңында Астана қаласында Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімі өтті. Оған әр өңірден делегаттар қатысты. Солардың қатарында қазыналы өңірдің де екі азаматы болған еді. Бүгін біз сол ресми іс-шараға қатысып қайтқан делегат жерлесіміз № 10 орта мектептің мұғалімі Айтуған Оханды әңгімеге тартып, ұлықтау рәсімінен алған әсерімен бөлісуін сұраған едік.
– Айтуған бауырым, алқалы жиыннан қандай әсер алдыңыз?
– Теңдесі жоқ. Жалпы, биылғы ұлықтау рәсімі өте ерекше жағдайда өтті. Бұрындары мұндай шараға тек облыс, қала әкімдері ғана барып қатысатын. Биыл қарапайым еңбек адамдары да шет елдерден келген құрметті меймандармен қатар отырып, Мемлекет басшысын ұлықтау рәсіміне қатысты.
Мен де, қарапайым мектептің қарапайым мұғалімі ұлы тұлғалармен бірге болдым. Мемлекет басшысының елге берген антын көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Бұдан үлкен әсер болуы мүмкін бе?!
– Хош. Ал енді Мемлекет басшысының айтқан сөзінен сізге ерекше ұнағаны болды ма?
– Әрине. Ең бірінші Қасым-Жомарт Кемелұлы министрлерге, әкімдерге үлкен үлгі көрсетті. Әр сөзін ата-баба жолымен әспеттеп әдемі жеткізді. Маған ұнағаны «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», деген сөзі болды. Бұл ұғына білген адамға көп нәрсені аңғартып тұр емес пе?!
«Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деген сөзі де елдің көкейіне қонды деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы ұзын сонар сөйлеген жоқ. Бірақ, бәрін нақты-нақты атап өтті. Сонысымен де бұл ұлықтау рәсімі ерекше болды.
– Көкейге не түйдіңіз?
– Ең бастысы елдің келешегінің жарқын боларына сеніміміз ұлғайды. Әділетті Қазақстан орнатамыз деген сөзі де іс жүзінде асады деп ойлаймын. Оған осы ұлықтау рәсімінде айтқан сөздері айқын дәлел бола алды. Шет елдердегі банктерде жатқан, елден заңсыз шығарылған қыруар қаржыны қайтарамын дегені соны нақтылай түседі.
Көкейге түйген тағы бір мәселе, қазақ тіліне қатысты. «Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді» деген сөз қандай керемет. Басқаларды қайдам, мен өзім бірден байқадым, бұрын лэд-экрандарда әр сөз екі тілде жазылатын. Бұл жолы бір тілде ғана – Қазақ тілінде ғана жазылды. Тілімізге деген қамқорлық осылай басталған екен деп түйдім көкейіме.
– Елге ой салар деген басқа қандай пайымдарын айта аласыз?
– Ондай сөздері көп. Мәселен еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету жөнынде айтқан сөзі. Қазір байқап отырсаңыз көксандықтан тек әншілерді, солардың қатысуымен өтетін түрлі шоу-бағдарламаларды ғана көрсетеді. Мұны көріп өскен жас буында «Е-е, әртіс болсақ елдің алдында беделіміз жоғары болады екен деген» ой қалыптасады. Бүгінде жастардың денінің өнер саласын қуып кеткені де сондықтан шығар деп ойлаймын. Енді қарапайым еңбек адамдарын, мұғалім, дәрігер шопан, шопырларды дәріптеп көгілдір экраннан солар жайлы хабарлар көбірек берілуі керек. Еңбек адамдарын мадақтап, көтермелеу керек. Бұл да ұрпаққа үлгі боларлық нәрсе.
Елге ой салатын тағы бір сөзі ауылға жете көңіл бөлуді қолға алуы. Ауылды көтеруі, ауылға жағдай жасауы – қазақты көтергені, қазаққа жағдай жасағаны. Өйткені қазақтың дені ауылда жүр…
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.