Қайтарылған қаражат – ел игілігіне

Қаражал қаласында әлеуметтік маңызы зор жаңа білім ошағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қаладағы «Вокзал» шағын ауданында салынатын 80 орындық мектеп – елдің игілігіне қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асып отырған ерекше жоба.

Қолымызға тиген дерек бойынша, нысанның негізгі қаңқасы көтеріліп, қос қабаты толық тұрғызылды. Қазір төбе жабу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп ғимаратының есік-терезелері дайындалып, тапсырыс берілген. Құрылысқа қажетті материал қоры жеткілікті. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Бұл – жаңа білім мекемесінің тек сапалы ғимарат қана емес, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы орта болуына ықпал ететін маңызды қадам.

Жобаның жалпы құны – 1,4 миллиард теңге. Бұл қаржы мемлекет меншігіне қайтарылған қаражаттан бөлініп, игілікті іске бағытталды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған осындай бастамалар – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларының бірі.

Биылғы жылдың басында Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөліп, Қаражалда жаңа мектеп салуды қолға алған еді. Қала тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық. Жаңа мектеп «Вокзал» шағын ауданының демографиялық өсімін қолдап қана қоймай, білім сапасының артуына да ықпал етеді.

Бұған дейін оқушылардың бір бөлігі қаланың басқа аумағындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді олар өз шағын ауданындағы жаңа әрі заманауи білім ордасында оқуға мүмкіндік алады.

Мектеп ғимараты 2025 жылдың қараша айында толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Құрылыстың уақытында әрі сапалы аяқталуы – мердігер компания мен жергілікті биліктің басты бақылауында.

Қаражал қаласының тұрғындары үшін жаңа мектептің бой көтеруі – болашаққа жасалған үлкен инвестиция. Бұл жоба ел игілігіне қайтарылған қаржының қоғамға нақты пайда әкеліп отырғанының айқын дәлелі болмақ.