Айт шаттығы — бүлдіршіндерге ерекше сый

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Ораза айт мейрамында жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайды. Осынау сәулелі сәтте баршаңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жанұяларыңызға жар болсын!

Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын сәті. Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді. Раббымыз баршамыздың қуанышымызды арттырып, екі дүниеде де мерейімізді үстем еткей.

Айлардың сұлтаны болған қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштастық. Ораза айы — құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы — жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі осы Ұлық мейрам – Ораза айттың құрметіне Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара өтті.

Аниматорлар бүлдіршіндерге арнайы бағдарлама ұсынып, Қарлығаш Шакенова балаларға көңілді спорттық ойындар ойнатты. Балалар шат-шадыман күлкіге бөленіп, айттың қуанышын ерекше сезінді.

Шара барысында мешіт тарапынан балаларға тәттілер мен арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Осы орайда балаларға демеушілік еткен «Жансая» шаруа қожалығы, Арай Рахымжанова,Толқын Дәулеткерімова, Нұрбек Ілиясов және барша үлес қосқан жандарға алғысымызды айтамыз.

Ораза айттың басты құндылықтары – мейірімділік, қайырымдылық және бауырмалдық ұғымдарын кеңінен насихаттау жас ұрпақтың бойына асыл дініміздің құндылықтарын сіңіру, ұлық мерекенің мәні мен маңызын терең ұғындыру. Балалардың қуанышты жүздері мен ризашылыққа толы жүректері шараның басты нәтижесі болды.

Мақпал ҒАЙДАРҚЫЗЫ,

Қаражал қаласы «Нұр» мешітінің ұстазы