Аймақтардың дамуына серпін беретін шешімдер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Еуразиядағы көлік хабына айналдыру жөніндегі мәлімдемесі – еліміздің стратегиялық даму бағытын айқындайтын маңызды бастама.

Мемлекет басшысы көтерген мәселелер тек көлік инфрақұрылымын жақсартуға емес, бүкіл ұлттық экономиканы жандандыруға бағытталған. Жолаушылар тасымалындағы жағдайға қатысты халықтың наразылығын ескеріп, жаңа вагондар шығаратын зауыттың іске қосылуы – отандық өндірісті қолдаудың нақты мысалы. Бұл көлік сапасын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Авиация инфрақұрылымын жаңғырту саласында Алматы, Шымкент, Қызылордада терминалдардың ашылуы, сондай-ақ, Зайсан, Қатонқарағай, Кендірлі және Арқалықтағы әуежай жобалары – аймақтардың дамуына серпін беретін шешімдер. Бұл – ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті арттыратын фактор.

Әуемен жүк тасымалдауды дамыту және Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру – Қазақстанды халықаралық логистикалық картада маңызды ойыншы етуге бағытталған қадам. Қазіргі электронды сауда дәуірінде бұл – үлкен табыс көзі мен инвестициялық тартымдылықты арттырудың тиімді жолы.

Сондай-ақ, Президенттің дрондар мен пилотсыз көлік құралдарын енгізуге құқықтық негіз дайындау туралы тапсырмасы – елдің технологиялық болашағына бағытталған маңызды бастама. Бұл Қазақстанды көлік технологияларында бәсекеге қабілетті елге айналдыруға жол ашады.

Қорытындылай келе, бұл бастамалар көлік-логистика саласын кешенді түрде дамытып, Қазақстанның Еуразиялық көлік дәлізіндегі маңызын арттыра түседі. Бұл – тек Үкіметке емес, бүкіл бизнес қауымдастық пен қоғамға ортақ аманат.

Гаухар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары