Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, айналада орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді.
Өткен аптада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» белсенділік акциясы аясында Қаражал қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа қалалық Аналар кеңесінің мүшелері, Қаражал қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия төрағасының орынбасары Зәмзагүл Оспанова, «Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, комиссия хатшысы Гүлмира Исина, «Қаражал қалалық орталық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Дина Оразбекова, Қаражал қаласы ПБ ЖПҚБ ӘЗЗҚТ инспекторы, полиция аға лейтенанты Лана Кеңесова, Қаражал қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Арынғазы Тәкібаев қатысып, негізгі үш мәселе қаралып, жоспар құрылып бекітілді.
Жиын барысында бірнеше мәселе бойынша сұрақтар қарастырылды. Ең алдымен Қаражал қаласы ПБ ЖПҚБ ӘЗЗҚТ инспекторы, полиция аға лейтенанты Лана Кеңесова «Қорғау нұсқамасы», «Қолайсыз отбасы» тақырыптарында баяндама жасады. Баяндама барысында Қаражал қаласының аумағында 2024 жылдың басынан ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабы яғни, «Тұрмыстық салада жасалынған құқық бұзушылық» бойынша барлығы – 58, (2023-62) дерек тіркелгенін айтты. Оның ішінде әкімшілік қамауға алынғандар – 6, ескерту – 13 (2023 жылы әкімшілік қамауға алынғандар – 7, ескерту – 11).
Келесі кезекте әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да сөз қозғалды. Және жасөспірімдер арасында ерте жүктілік пен аборттың алдын алу жөніндегі жұмыстар жайлы да айтылды.
Сондай-ақ, 2024 жылдың қараша айының 25-нен бастап, желтоқсанның 10-на дейінгі аралыққа кеңейтілген іс-шара жоспары құрылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту болып табылады. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылықтарын арттыруға бағытталған және қабылданып жатқан шаралармен жалпы халықты таныстыру.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясына орай бірнеше іс-шара өткізілді. Айта кетсек, Қаражал қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен қалалық полиция бөлімінің қызметкері Лана Кеңесованың қатысуымен қала мектептерінің психолог және әлеуметтік педагог мамандарымен кездесу өтті. Кездесу барысында оқушылардан алынған сауалнама нәтижесі талқыланып, қабылданатын шаралар туралы айтылды. Сонымен қатар, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтары зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шаралар бойынша ақпарат берді.
Сонымен қатар, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, анонимді сауалнама жүргізді. Сонымен қатар, оқушыларға зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты буклеттер таратылды.
Ал, Жәйрем кентіндегі №30 мектепте аталмыш акция аясында лектор, ғылым магистрі, отбасылық педагогика саласындағы жаттықтырушы Зайра Усувалиеваның қатысумен оқушыларға арналған семинар өтті. Кездесуде жастар арасындағы өзекті мәселелер айтылды, оқушылардың өмірінде кездесетін түрлі қиындықтарды шешу жолдары мен зорлық-зомбылыққа төзбеу туралы кеңестер айтылды.
Сондай-ақ, кентте тура осындай тақырыптағы семинар әйелдер арасында да өтті. Жиында лектор, ғылым магистрі, отбасылық педагогика саласындағы жаттықтырушы Зайра Усувалиева отбасылық қарым-қатынастар, ер мен әйел, ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасылық мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысы немесе өзі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатынын еске салды.
Өз тілшімізден.