Аймақ басшысы – Жәйрем кентінде

Өткен аптада облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Жәйрем кентінің жарты ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысып, жұртшылықтың қуанышын бөлісті. Әлеуметтік маңызды нысандарды аралап, жай-күйін бағамдады. Қариялармен, жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта атқарылуы жоспарланған ауқымды жобалар жайлы әңгімеледі.

Аймақ басшысы өзінің жұмыс сапарын кенттегі әлеуметтік нысандарда биылғы жылы қолға алынған жұмыстардың орындалу барысын бақылаудан бастады. Солардың бірі – кәріз жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары. Биыл басталған жобаның жалпы құны 1 млрд. 867 млн. теңгені құрайды. Бұл қаржыға 32 шақырымдық кәріз құбыры қайта құрылымдалып, тазарту қондырғысы және 6 сорғы станциясы салынады. Әзірге игерілген қаржы көлемі – 100 млн. теңге. Бүгінге дейін 4,5 шақырымдық құбыр жаңартылған.

Берік Әбдіғалиұлы жаңа облыстың құрылу барысында жүзеге асырылатын ұйымдастыру шаралары жобаның мерзімінде жүзеге асырылуына кері әсерін тигізбеуі тиіс екенін қадап айтты. Жоспар бойынша аталған жұмыс 2024 жылы аяқталуы керек.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, 43 млн. теңгеге абаттандырылып жатқан Металлургтер көшесі бойындағы іс-қимылдың қарқыны және атқарылу сапасына назар аударып, тиісті тапсырмалар берді.

Кенттегі ақсақалдар қауымы және жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесу кезінде тұрғындарды мазалайтын бірқатар басты проблемаларды шешу жолдарын талқылады. Қариялар көтерген өзекті мәселенің бірі – жайылымдық жердің тым тар болуы. «Мал басы жыл сайын өсіп келеді. Кент маңында бос жерлерболса, соны тиімді пайдалансақ», – дейді шаруа баққан ел.

Облыс әкімі бұл мәселені сала мамандарын қатысуымен іргелес ауылдық округтің шаруаларымен ақылдасып, ортақ мәмілеге келу тәсілі арқылы шешу қажеттігін айтты.

Кездесуде сонымен қатар, Жәйрем кен байыту комбинатытарапынан әлеуметтік жауапкершілік аясында бөлінетін қаржыны қайтарымы тиімді бағытқа жұмсау реттілігі сөз болды. «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» атап өткен облыс басшысы елді мекендегі кез-келген мәселені қауымдаса талқылап, түйткілді жайттардың түйінін бірлесе тарқатуға шақырды.

Бұдан кейін облыс әкімі кенттегі жаңа мешітке барды. Орайы келгенде айта кетейік, осынау имандылық ордасын кезінде «Казцинк» компаниясы салып берген болатын. Сондай-ақ оныкүтіп-ұстау мен коммуналдық шығындарын өтеу міндетін компания өз мойнына алған.

Құлшылық үйінде аймақ басшысы мешіттің бас имамымен тілдесіп, жамағаттың мешітке келу көрсеткіші мен өткізілетін іс-шаралардың мазмұнын зерделеді және бұрынғы мешіт ғимаратының бүгінгі жайын да сұрастырды. Имамның айтуынша, жаңа мешіт ашылғанға дейін қолданыста болған ескі мешіт ғимараты келешекте сауат ашу орталығына айналады.

Облыс әкімі мешіттер тек құлшылық орны ғана емес, елдің рухани орталығының бірі екеніне көңіл аударып, мұнда жамағатты ізгілікке үндейтін іс-шаралардың мол болуы қажеттігін тілге тиек етті.

Сапар түйінінде Берік Әбдіғалиұлы Жәйрем кентінің 50 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысты. Орталық алаңда өткен жиында қуаныш құшағындағы тұрғындар мен мерейлі тойға жиналған меймандарды айтулы күнмен ақжарыла құттықтады. Еселі еңбегімен ерекшеленген ардагерлерге, өндіріс озаттарына Құрмет грамоталарын табыстады.

Аймақ басшысы өзінің құттықтау лебізінде Жәйрем кентінде қолға алынған және алдағы жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған ілкімді жобаларға сипаттама берді. Қазыналы өңір облыстың дамуына болашақта да сүбелі үлес қоса беретінін, аймақтың әлеуеті зор айтулы елді мекендерінің біріне айналатынын мәлімдеді.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ