Аптаның басында Жезқазған қаласы ерекше қонақты қарсы алды.
Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген 71 жастағы саяхатшы, теміржол саласының ардагері Жұмабай Отарғалиев мысты шаһарға аялдап, бір күнін жастармен кездесу мен танымдық шараларға арнады.
Жастайынан спортпен шұғылданған Жұмабай ата қарттықты – тыныштық емес, белсенділікпен қарсы алуды өмірлік ұстанымына айналдырған.
Ол Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттермен еркін форматтағы тәрбиелік кездесу өткізді.
– Ел аралап, жер көру – бала күнгі арманым еді. Велосипедпен алғаш рет 2017 жылы сапарға шықтым. Содан бері 100-ден аса елді мекенде болдым, – дейді Жұмабай ата.
Орал қаласынан шыққан бұл жолғы велошеру Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналуда.
Жұмабай Отарғалиев Жидебайға дейінгі бағытпен жүріп өтуді жоспарлап, осы жолда Ұлытау жеріне де арнайы соққан.
Жол бойы елмен кездесіп, жастармен сұхбаттасып, салауатты өмір салты, патриоттық тәрбие, ата-баба аманатына адалдық сынды тақырыптарда ой қозғап келеді.
Ол үшін бұл сапар – жай ғана серуен емес, миссия.
Жұмабай ата 2017 жылдан бері бірнеше мың шақырымды артқа тастап, республика бойынша жүзден астам елді мекенге табан тіреген.
Таңқаларлығы – ол бұл сапарларға 49 мың теңгеге сатып алған қарапайым велосипедпен аттанады. Оның алғашқы сапары Шалқардан Ақтөбеге дейінгі бағытты қамтып, 4-5 күнге созылған екен. Содан бері әр сапары – жастарға үлгі, елге өнеге.
Колледж студенттерімен кездесуде ардагер өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі жастарға табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын атап өтті.
Жастар да Жұмабай атаның жігеріне риза болып, сұрақтарын қойып, ерекше әсермен тарасты.
Колледж басшылығы мұндай кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтып, болашақта да осындай тағылымы терең тұлғалармен кездесулерді ұйымдастыру жоспарларын жеткізді.
Жұмабай Отарғалиев – жастықтың жасы емес, рухы екенін дәлелдеп жүрген санаулы жандардың бірі.
Ол – қарапайым зейнеткер ғана емес, ұлт рухын серік еткен жан, жас ұрпаққа жол көрсеткен рухани ұстаз.
Ұлытау жері ардагер велотуристің тағы бір тарихи аялдамасына айналды. Ал, оның сапары жалғасуда…
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.