АЭС-ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Электр энергиясы қазіргі адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Электр энергиясысыз бүгінде адам баласы бір күнін де елестете алмайды. Себебі ол күнделікті тұрмыстық техниканы, банкоматтарды, компьютерлерді қолданады — осының бәрі және біздің өмірімізді жеңілдететін басқа да көптеген нәрселер тұрақты электр энергиясысыз жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар, бізді қоршап тұрған электр құрылғыларының саны азаймайды, ол жылдан жылға үнемі артып келеді. Ол дегеніміз жыл сайын біздің электр энергиясын тұтыну көрсеткішіміз де ұлғаяды деген сөз. Үйдегі, жұмыс орнындағы жайлылық үшін қажет электр жарығы, жылу, ыстық су да бізге электр энергиясының арқасында келеді.

Өз өмірін жайлы ете отырып, адам электрмен жабдықтауға қалай тәуелді болғанын байқамай да қалды. Кез келген электр қуатының үзілуі, тіпті қысқа мерзімді болса да, теріс әсер етеді. Бұны біз ара-тұра түрлі апат салдарынан электр энергиясы сөніп қалған кезде анық байқаймыз. Себебі электр энергиясына тәуелділігіміз сонша – біз бірер сағат жарықсыз отырсақ, тамақ, шай іше алмай, телефон қуаты таусылып, немен айналысатынымызды білмей әлектенеміз. «Телефон мен теледидар көп көрмей, таза ауаға шық, кітап оқы» деген сияқты кеңестердің өзін орындау үшін бізге жарық қажет. Бұған электр энергиясының болуы қажеттілік болып табылатын өнеркәсіптік және әлеуметтік маңызы бар объектілердің жұмысын қосыңыз. Мәселен, қазіргі таңда бірде-бір өндіріс орны не аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы электр энергиясысыз жұмыс істей алмайды. Ал олардың жұмысына адам өмірі мен ел экономикасы тікелей тәуелді. Сондықтан да электр энергиясы біздің қазіргі өмірімізде үздіксіз және қолжетімді болуы маңызды.

Соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде электр энергиясының тапшылығы байқалуда. Энергетика министрлігінің айтуынша, өткен жылы электр энергиясын 112,8 млрд кВт/сағ өндіру кезінде тұтыну 115 млрд кВт/сағ жетті. Осылайша, сұраныс 2,2 млрд кВт/сағ-қа жоғары болды.

Сонымен бірге, Министрліктің мәліметінше, жарықты пайдалану 2022 жылмен салыстырғанда 2 миллиард кВт / сағ-тан астам өсті, ал өндіріс сол деңгейде қалды.

Ведомство бүгінгі күні бірыңғай электр энергетикалық жүйеде (БЭЖ) тапшылық кешкі уақыттарда қатты байқалатынын атап өтті. Бұл тапшылық іргелес мемлекеттерден сатып алу арқылы жабылады. Демек, қазіргі таңда біз электр энергиясын тұтынуда көрші елдерге, нақтырақ Ресейге тәуелді болып отырмыз.

Елімізде электр энергиясымен сенімді және сапалы жабдықтау үшін қазіргі қуат көзі жеткіліксіз болып отыр. Себебі мемлекеттегі электр энергиясын өндіру жабдықтарының басым көпшілігі тозған. Соңғы жылдары әр аймақта орын алған апатты жағдайлардың себебі – осы саладағы инфрақұрылымның тозып тұрғаны. Сол себепті энергия саласындағы мұндай проблеманы түбегейлі шешу қажет. Және мұның шешімі – АЭС.

Қазақстан АЭС салу туралы мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Бұл туралы ел Президенті де өзінің халыққа Жолдауларында көтеріп жүр.

 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын» дей келе, қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.

«Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін» деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын» дей келе, АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдум шешетінін айтты.

Қазақстанда АЭС салу арқылы бірнеше мәселені шешеміз:

— Еліміз энергия тапшылығынан құтылады. Мамандардың айтуынша, АЭС 100 жыл бойы үздіксіз энергия өндіруге қуатты.

— Экологиялық мәселені жақсартады. АЭС қазіргі ЖЭЦ-ға қарағанда түтін шығармайды, яғни атмосфераға бөлетін зиянды қалдығы жоқ. Сондықтан да бұл ел экологиясы үшін жақсы шешім болмақ.

— Әрине, қайта жаңартылатын энергия көздері АЭС-қа қарағанда әлдеқайда тиімді. Дегенмен мұндағы қуат көзі ауа-райына байланысты болмақ. Күн сәулесін, желдің соғуын күту арқылы біз қажетті энергия қуатын өндіре алмаймыз және бұндай энергия көзі арқылы тұтынған электр қуаты тарифі әлдеқайда қымбат болады деген мамандар пікіріне сүйенсек, АЭС салу ең оңтайлы шешім екеніне көз жеткіземіз.

— Еліміздің уран өндірісі жағынан әлемдік көшбасшы елдердің қатарында болуы да АЭС салудың тиімді екенін аңғартады.

Осы тұрғыдан келгенде, АЭС салу кезегі келген, нақты оң шешімін табуы керек мәселе дер едім. Сөйте тұра, мемлекет басшысы бұл мәселені шешуді халықтың өзіне қалдырып отыр. Осылайша, түсінген адамға Мемлекет басшысы халық пікіріне құлақ асатын мемлекет ретінде әділетті, демократиялық қоғамға тән қадам жасап отыр. Сондықтан да әр қазақстандық, оның ішінде Қаражал-Жәйрем өңірінің әрбір азаматы елінің болашағы, тәуелсіздігінің тұрақтылығы, аймағының өсіп-өркендеуі, өзінің жайлы өмірі үшін 6 қазан күні жалпыұлттық референдумға қатысып, АЭС құрылысына дауыс береді деп сенемін.

Гаухар Наурызбаева

Қаражал қалалық мәслихат депутаты