Қыстың қытымыр мінезін артқа тастап, жер бусанып, тіршілік атаулыға жан бітетін шұғылалы көктем де келіп жетті. Табиғатпен бірге адам көңілі де жаңарып, үміт пен сенімге толатын осы бір кезең – халқымыз үшін қашанда ерекше. Көктемнің алғашқы шуақты күндерімен қатар келетін Алғыс айту күні – рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, татулық пен тағылымды дәріптейтін мереке.
Бұл күн – жай ғана күнтізбедегі дата емес, бұл – жүректегі жылылықтың, адамдық парыздың, бауырмалдық пен жанашырлықтың көрінісі. Тарихтың талай сынағынан өткен халқымыз үшін бір үзім нанды бөлісіп жеу, қиындықта қол ұшын беру, жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтару – қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан да алғыс айту – біз үшін жат ұғым емес, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі.
Алғыс айту күні – ең алдымен, ел ішіндегі бірлік пен келісімнің мерекесі. Бұл – тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айшықтайтын күн. Бүгін біз ата-бабамыздың кең пейілі мен дарқан көңілінің арқасында қалыптасқан ынтымақтың қадірін тағы бір мәрте сезінеміз.
Осы күні әрбір жан жүрегіндегі ризашылық сөзін ата-анасына, ұстазына, әріптесіне, досына, көршісіне айтуға асығады. Себебі, қарапайым ғана «рақмет» сөзі кейде үлкен қуанышқа, жаңа үмітке жол ашады. Алғыс айту – адамдар арасындағы сенімді нығайтып, мейірімділікке бастайтын көпір.
Бүгінгі бейбіт өміріміз, еңбектің берекесі, ел ішіндегі татулық – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Сондықтан да әрбір еңбек адамына, қоғамның тыныс-тіршілігіне үлес қосып жүрген жандарға алғыс айту – азаматтық парыз.
Шұғылалы көктеммен бірге келген бұл мереке әр шаңыраққа жылулық пен жақсылық әкелсін. Жүректерге мейірім ұялап, ризашылықтың шуағы арта берсін. Алғыс айту – тек бір күндік емес, күнделікті өміріміздің дағдысына айналса, қоғамымыз да мейірімді, бірлігіміз бекем болары сөзсіз.
Алғыс – адамдықтың асыл айнасы. Сол айнадан әрқайсымыз өз жүрегіміздің жылуын көре білейік.
Аманкелді АҚШАЛ.

