Адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі

Қаражал қаласының өндіріс саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Арман Молдабаев. Оның өмір жолы – еңбекке адалдықтың, жауапкершіліктің және әке өнегесінің жарқын үлгісі.

Арман Орақбайұлы 1973 жылы 23 тамызда Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1984 жылы отбасымен Қаражал қаласына қоныс аударып, осы өңірмен тағдырын біржола байланыстырды. Болашақ мамандығы да осы қалада қалыптасты.

Еңбек жолын ол 1991 жылы Қаражал қаласындағы бұрғылау учаскесінде бастайды. Жас маман үшін бұл алғашқы үлкен сынақ кезеңі болды. Алайда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы мен жауапкершілігі оны өндіріс саласында шыңдай түсті.

1992–1994 жылдары әскери борышын өтеп келгеннен кейін, ол қайтадан туған ұжымына оралып, өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. Осы жылдардан бастап оның кәсіби қалыптасуы жаңа деңгейге көтерілді.

1994 жылдан 2018 жылға дейін Арман Орақбайұлы учаске бригадирі қызметін атқарды. Бұл кезең – оның еңбек жолындағы ең жауапты әрі маңызды жылдар болды. Ұжымды басқару, өндірістік жоспарды орындау, қауіпсіздік талаптарын сақтау – бәрі де үлкен тәртіп пен тәжірибені талап етті.

Осы жылдары ол өз әріптестерінің арасында беделді басшы, талапшыл әрі әділ жетекші ретінде танылды. Кейінгі жылдары да ол өндірістен қол үзген жоқ. 2015 жылдан бастап бұрғылау–жару жұмыстары учаскесінде жарушы болып еңбек етті. Ал 2023 жылдан бері өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету слесарі ретінде өз тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.

Ұзақ жылғы табанды еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте марапаттарға ие болып, кәсіби еңбегі жоғары бағаланды. Бірақ өзі үшін ең үлкен марапат – балаларының әке жолын жалғастыруы.

Бүгінде Молдабаевтар әулетінде еңбек сабақтастығы қалыптасқан. Үлкен ұлы Ардақ Орақбай 2024 жылдан бері бұрғылау қондырғысының машинисі болып еңбек етіп келеді. Жас маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әке сенімін ақтауға тырысып жүр.

Ал кіші ұлы Айдын Арманұлы 2018 жылдан бастап өндіріс саласында еңбек етеді. Ол еңбек жолын «Батыс Қаражал» кенішінде тау-кен қазушы ретінде бастаған. Кейін тау-кен шебері, учаске бастығының орынбасары, учаске бастығы қызметтерін атқарып, кәсіби баспалдақтардан жүйелі өтті.

Қазіргі таңда ол тау-кен ұңғылау учаскесінің бастығы ретінде 90-ға жуық маманнан құралған ұжымға жетекшілік етеді. Айдынның басты ұстанымы – сапа мен қауіпсіздік. Ол басқарған ұжым тау-кен жұмыстарының жоспарларын белгіленген мерзімде орындап, өндірістік тәртіпті қатаң сақтауға ерекше мән береді.

Әке үшін бұл – үлкен мақтаныш.
– Балаларымның өз ісіне адал болып, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүргені – менің өмірлік еңбегімнің жалғасы деп білемін, – дейді Арман Орақбайұлы.

Шынында да, Молдабаевтар әулетінің өмір жолы – еңбектің қадірін білген, әке өнегесін ұрпаққа үлгі еткен еңбек династиясының айқын көрінісі.

Жанерке АРМАНҚЫЗЫ,
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
филология факультеті журналистика кафедрасының 4 курс студенті.