Адал қызметі – ұрпаққа үлгі

Қарапайым еңбекпен ел байлығын еселеген, бір мамандыққа деген адалдығымен, тұрақтылығымен, өнегелі өмірімен көпке үлгі болған азаматтар бар. Солардың бірі – «Өркен-Атасу» Өндірісінің қызметкері Бексұлтан Тұңғышбаев. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы өндірістің бел ортасында қажымай еңбек етіп келе жатқан бұл азаматтың еңбек жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі іспеттес.

Бексұлтан Кәріпұлы Жаңаарқа ауданына қарасты, бүгінде тарихқа айналған Бесоба атты кентте дүниеге келді. Уақыт өте кент жабылып, тұрғындар жанжаққа қоныс аударғанда, оның отбасы «Үлкен Қытай» аталып кеткен өңірге, қазіргі Ақтай ауылына қоныс аударады. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап, тәлімді тәрбие алып, еңбекке ерте араласты. Жастайынан адал еңбекке бейім болып өскен Бексұлтан Кәріпұлы 1981 жылы өндіріс саласындағы алғашқы еңбек жолын Атасу кен өндірісінде бастайды. Карьердегі ауыр да жауапты жұмысқа білек сыбана кірісіп, ел игілігіне қызмет етті. Шын мәнінде, ол жылдар – елдің өндірістік әлеуетін арттыру жолында, әр азаматтың еңбегімен тарихқа жазылған кезең еді.

Осы жылдар бойы Бексұлтан Тұңғышбаев үнемі алдыңғы саптан көрініп, еңбек өнімділігін арттыруға аянбай күш салды. Еңбекке деген сүйіспеншіліктің тамыры тереңде жатса керек. Оның өндірісті таңдауына әсер еткен де ата-анасының өнегесі. Әкесі – Кәріп Тұңғышбаев, Ұлы Отан соғысы кезінде майдан шебіне емес, Жезқазған шахтасында еңбек ету үшін арнайы бронмен қалдырылған. Кейін Жәйремдегі геологиялық барлау экспедициясында ұзақ жыл жұмыс істеп, өңірдің кен барлау саласына сүбелі үлес қосты. Анасы – Елужан Төкішқызы да өндірістің бел ортасында еңбек еткен қарапайым жан болатын. Осындай еңбекқор әке-шешенің тәрбиесімен өскен Бексұлтан үшін өндіріс – өмірінің мәніне айналды.

Тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде, елдегі жаппай оңтайландыру үдерісіне байланысты Атасу карьері жабылған соң да, Бексұлтан Кәріпұлы еңбек жолын үзген жоқ. Кен байыту комбинатына қарасты энергоцехқа ауысып, сол жерде еңбек майданын жалғастырды. Бүгінде «Өркен-Атасу» Өндірісінің энергетика цехында табан аудармай жұмыс істеп келеді. Қарапайым есеппен алғанда, биыл оның осы бір кәсіпорында үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына 44 жыл толып отыр. Бұл – нағыз еңбек ерлігі!

Ұзақ жылғы ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Бексұлтан Тұңғышбаев бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Комбинаттың Құрмет тақтасына бірнеше жыл қатарынан суреті ілінген. Ал, 2020 жылы еліміздегі өндіріс саласының таңдаулы өкілдеріне берілетін «Еңбек үздігі» салалық төсбелгісімен марапатталуы – еңбектің еленгенінің айғағы.

Еңбек адамы ретінде өнеге болған Бексұлтан Тұңғышбаев отбасында да өнегелі әке, жанашыр жар. Жұбайы – Гүлнар қаладағы № 1 мектепте лаборант болып еңбек етеді. Екі қыздары да – білім мен тәрбиеге ерекше ден қойған жандар. Мектепті үздік аяқтаған қос ару бүгінде Қаражал өңірінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген білікті мамандар. Бірі – № 7 мектепте география пәнінің мұғалімі, екіншісі – қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында қызмет атқаратын білікті дәрігер.

Қарапайымдылық пен табандылықты ту еткен Бексұлтан Кәріпұлының өмірі – жас ұрпаққа үлгі, елге қызмет ету жолындағы еңбек адамының шынайы бейнесі. Зейнет жасының ауылы да алыс емес. Келер жылы құрметті еңбек демалысына шықпақ. Еңбек адамының еселі еңбегі, адал қызметі – ұрпаққа үлгі, өнеге.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ