Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан да еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен биылғы жұмысшы мамандықтарын қолдау жылының мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында біз де әр саладағы озат, тәжірибелі жұмысшылармен жолығысып, кәсіптерінің қыр-сырымен танысып, әңгімелесіп жүрміз.
Бүгінгі әңгімемізге арқау «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбекқор жұмыскерлерінің бірі, тау-кен саласында 31 жыл еңбек өтілі бар, карьерден тау-кен массасын тасымалдаушы БелАЗ автосамосвалының машинисі Айтжан Даужанов болмақ.
Айтжан Қуандықұлы 1970 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам орталығында дүниеге келген. 1977 жылы Ұйым орта мектебіне барып, орта білім алған соң, Жамбыл ветеринарлық техникумына «ветеринар» мамандығына оқуға түседі. 1988 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ленинград облысы, Выборг қаласына, Жаяу әскерлер девизиясына аттанады. 2 жылдан соң туған үйіне оралады. Ол кезде әскерде жүрген жігіттің ата-анасы, бауырларымен Жәйрем кентінің іргесіндегі Жеңіс совхозына қоныс аударған болатын. Ауылға оралған жас азамат әкесіне көмекшілік жасайды. Өмірлік қосағы Айтбала Серікбаевамен дүниеге 8 бала әкеліп, өсіріп, өндірген Қуандық ақсақал ол кезде совхоздың қойын бағатын. Бүгінгі күні Қуандық ақсақал мәңгілік мекеніне аттанған. Артында қалған ұрпағының ұйытқысы болып отырған алтын құрсақты Айтбала анамыз «Алтын алқа» иегері.
Төрт жылдан астам уақыт ата-анасына қолғабыс етіп, мал баққан азамат 1994 жылдан бастап «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тау-кен көліктер цехына БелАЗ автосамосвалына жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері тапжылмастан бір орында еңбек етіп келе жатқан Айтжан Қуандықұлы жайылымды, жазықты кең байтақ даланы тау-тасты өндіріске айырбастаған азамат. Алғашқы еңбек жолын Еркебұлан Нұрланов, Талғар Сатиев, Аманғали Тұрысов тәрізді ер-азаматтармен бірге бастап, бір экипажда жұмыс істейді. Өндірістегі алғашқы тізгіндеген көлігі 40 тонналық болса, бүгінгі таңдағы көлігі — 140 тонналық Caterpillar жүк көлігі. Өзінің нағыз кәсібін тапқан жас жігіт, өмірдің сатысымен үлкен өмірге қарай нықталып, 1997 жылы шаңырақ көтеріп, Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылының аруы Майя Шалғынбайқызымен көңіл қосады. Жергілікті № 30 жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін аяулы жары екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп, оқытып, немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Үлкен ұлдары Мирас «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның техникалық бақылау бөлімінде бақылаушы болып еңбек етсе, үлкен қызы Назира тұрмыста, жолдасы Мирасбек екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Жезқазған қаласында тұрады. Одан кейінгі қызы Гүлсімнің мамандығы — медбике. Тұрмыста. Жолдасы Асылбек «ТехЭкспертСервис» ЖШС-да жүргізуші. Кенжелері Мағжан 9 сыныпта оқиды.
Үлкен жауапкершілікті және ұқыптылық пен қырағылықты талап ететін кәсіпті өзіне серік еткен еңбекқор жанға жолығып, еңбегінің қыр-сырымен бөлісуін өтінгенімізде «Белазист» азамат әңгімесін былайша өрбітті.
— «Адал еңбектің наны тәтті», «Еңбек түбі – береке» деген дана халқымыздың ұлы сөздерін бала кезімізден санамызға сіңіріп өстік. Қандай істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, бар күш-қуатыңды соның жолына салсаң, ешқандай еңбектің еш кетпейтінін және де адал еңбектің наны тәтті болатынын жақсы білеміз. Тау-кен көліктерін басқару біле білген адамға әрине, оңай жұмыс емес. Күн ұзақ 140 тонналық көлікті басқарып, басқара отырып, талап етілген жоспарды орындап, тиісті кенді тасымалдап үлгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Алпауыт самосвалдың тайғақ жолда өзін қалай ұстайтынын бақылап, карьерден алға, артқа жылжу өлшемдерді барлау маңызды. Сонымен қатар, карьердегі жол төсемінің өзіндік ерекшеліктері бар, өте мұқият болу керек. Сол жолмен келе жатқанда күрт тежеу кезінде және артқа шегініп, арнайы шектікке дейін қозғалу кезінде абай болған жөн. Әркімнің өз жүргізу стилі бар.
Негізі самосвал өте ыңғайлы басқарылатын көлік. Ең бастысы ол көлікті сезіне білу керек. Бір ауысымда карьердің ең төменгі қабатында жүрген автосамосвалдар 16-20 рейс, ортаңғы қабатта жүргендер 18-22 рейс, ең үстіңгі қабатта жүргендер 20-25 рейс жасау керек. Бір ауысымда он екі, он үш самосвал жұмыс істейді. Оларға кен тиейтін үш экскаватор бар. Бір экскаватор төрт БелАЗ-ға қызмет көрсетеді. Осы қызметтегі үзеңгілес азаматтардың барлығының еңбегі адал. Қыстың қаһарлы аязында, жаздың аптап ыстығында тау мен тасты қопарып, әрі-бері алпауыт көлікпен ойнақшып, бала-шағаның қамы үшін шаршауды да, ренжуді де білмейтін әріптестерім Аси Мақсат, Бауыржан Дамешкен, Қайрат Насырхан, Елкен Рахимов, Аманғали Темешбаев, Бақытжан Нұрабаев, Серік Ақжарқынов, Жәнібек Айтқұлов, Нұрым Түсіпов сынды азаматтармен өндірістің қандай отты майданы болса да, қорықпай бара беруге болады.
Мен ең алғаш жұмысқа орналасқан кезде бір ғана кен, яғни, марганец кенімен жұмыс істейтінбіз. Ал, қазір құрамы өте бай, бірнеше пайдалы қазбалардан тұратын полиметалл кендерімен жұмыс істеудің өзі жауапкершілікті еселей түседі. Өз жұмысымызға деген ықыласымыз бен құлшынысымыз зор болса, біз еңсермейтін белес жоқ-ау.
Өзіміз еңбек етіп отырған «Казцинк» компаниясы тарапынан жұмыскерлерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Жалақымыз уақытылы. Жұмысқа арнайы апарып, әкелетін көлігіміз бар. Атқаратын жұмысымыздың зияндығына орай арнайы бекітілген ас мәзірімен тегін тамақтанамыз. Жұмыстан шыққан соң, күн ұзақ карьерде бойымызға үйірілген шаң мен тозаңнан арылатын арнайы жуынатын орнымыз бар.
Өзіміз құрамына енген Кәсіподақ ұйымының да жұмыскерлерге арнайы қарастырған әлеуметтік пакеттері де көңілімізге қонымды. Еңбек демалысы кезінде арнайы жеңілдікпен емдік-санаторий, курорттарына барамыз. Мен биыл «Арман» санаторийына барып, 10 күн ем алып келдім. Балаларымызға жазғы демалыс лагерлері де ұйымдастырылған. Денсаулығымызға байланысты ақылы ем-дом алатын болсақ, алған ем-домды және жұмсалған қаражатты растайтын барлық құжаттарды тапсырсақ, материалдық көмек те беріледі. Кентіміздің облыс орталықтары мен қалаларынан шалғайда орналасуына орай еңбек демалысымызға қосымша 5 күн де қосылған. Одан бөлек осы өзіміз еңбек етіп отырған «Казцинк» компаниясына қажетті мамандықтарға оқуға түскен жұмыскерлердің балаларына да жұмыс беруші тарапынан көп көмектер көрсетілуде. Ақылы оқуға түссе, оқу ақысы төленеді. Тегін оқуға түссе, яғни, грант иеленсе, арнайы шәкіртақы төленеді.
Айта берсек, жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымының жұмыс істеймін деп құлшынып тұрған еңбеккерлерге жасап отырған қолдаулары шексіз. Жалпы жұмысқа деген жауапкершілік пен табандылық болса және де өзіңе бар жағдайды мүмкіндігінше жасап отырған жұмыс берушіге деген адалдық болса, өндіріске төккен әрбір адал терің ақталары сөзсіз. Өмірлік ұстанымым — адал еңбек етіп, адал ас ішу. Балаларыма да, бауырларыма да осы ұстанымымды үнемі айтып отырамын.
Ең бастысы, жұмысыңа деген құлшыныс болу керек. Өндірісте жалқаулануға және ұйқылы-ояу жүруге мүлдем болмайды. Қанша жылдық еңбек өтілің болса да, қанша тәжірибелі болсаң да, сәл шалыс басып, сәл әлсіздік пен жалқаулық танытсаң, оны өндіріс ешқашан кешірмейді. Болмашы ғана шалыс қимыл үлкен апаттық жағдайға, орын толмас қазаға алып келуі мүмкін. Сондықтан, тек біздің алпауыт көлікті басқаруда ғана емес, жалпы өндірісте барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз керек, — дейді алып темір тұлпар иесі ағынан жарылып.
Өндіріс талаптары мен өндірісші міндеттерін ашып айтқан Айтжан Қуандықұлының бауырлары да осы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірісінің әртүрлі саласында. Туған ағасы Сәбит Даужанов та осы «Жәйрем» кенішінде БелАЗ самосвалының машинисі болса, ол кісінің ұлы Жеңіс Даужанов тау-кен көліктерін техникалық бақылау және жөндеу жұмыстары басқармасында ауысым шебері. Бүгінгі күні о дүниелік болған, марқұм ағасы Болат Даужановтың ұлы Нұрсұлтан Даужанов «Жәйрем» кенішінде бұрғылаушы болса, екінші ұлы Танат Даужанов полиметалл байыту фабрикасында жүк тиегіш жүргізушісі. Қарындасы Сағат Даужанованың ұлы Серікбол да полиметалл байыту фабрикасында еңбек етеді. Жәйрем комбинатының алдыңғы қатарлы жұмыскерлерінің бірі болған бауыры Нұрбол өмірден ерте кетті. Жәйремдегі бауырларының барлығының өмірі Жәйрем комбинатымен байланысса, қалған бауырлары, нақтырақ айтсақ, әпкесі Жанат Даужанова Тараз қаласында тұрады, сол жақтағы Сарысу колледжінде шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етсе, бауырлары Талғат Даужанов «Шұбаркөл» АҚ-да экскаватор машинисі, Қанат Даужанов «Жалын» кен орнында еңбек етеді.
Өндірісші азамат демалысын отбасымен өткізгенді ұнатады. Немерелерін еркелетіп ойнатып, арасында домбыра шертіп, ән айтатыны тағы бар.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на 24 жасында келген жас жігіт биыл 55 жасқа толды. Өсіп-өнген, өрісі кеңге жайылған шаңырақтың иесі өндірісте ғана емес, өз ортасында да құрметке ие, жолдастарына сыйлы, ағайын-туыс, құда-жекжатқа қадірлі. Өмірін өндіріспен байланыстарған өндірісші азаматқа зор денсаулық, қажымас қайрат, шаттыққа, бақытқа толы баянды да ұзақ ғұмыр тілейміз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.