Қаражалдық кәсіпкер – Жанар Алиева еңбекқорлығымен, табандылығымен, елге деген адалдығымен танылған жан. Мамандығы экономист болса да, ол өмір жолын қарапайым саладан бастап, отбасымен бірге қажырлы еңбектің арқасында өңірде танымал кәсіпкерге айналды. Қай істің де берекесі еңбекпен келетінін жақсы білетін Жанар Шеруқызы бүгінде жұбайы Талғат Алиев екеуі Қаражал қаласының тұрғындарын сапалы нан өнімдерімен үзбей қамтамасыз етіп отырған наубайхананың иелері.
Талғат Мұратұлының еңбек жолы да қарапайым өңір азаматтарына тән тағылымға толы. Ол жас кезінен шахтада еңбек етіп, ауыр жұмыстың сынынан өткен. Ал кәсіпкерлікке бет бұруы 2000 жылдардан басталды. Сол жылы ол жеке шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын жолға қойды. Бірнеше жылдық тәжірибе мен тынымсыз еңбектің арқасында отбасылық кәсіптің берік іргесі қаланды.
2017 жылы ерлі-зайыптылар өңірде жұмыс істеп тұрғанымен, бірізділігі бұзылған, әлсірей бастаған наубайхананы өз қаражаттарына сатып алды. Бұл шешім – үлкен тәуекел. Бірақ, кәсіптің қыр-сырын меңгеріп үлгерген, еңбектен қайтпайтын отбасы бұл істі де дөңгелетіп әкетті. Ең бастысы — олар мемлекеттен бір тиын несие алмай, тек өз еңбегі мен жинаған қаражатына сүйеніп іске кіріскен. Бұл – көп кәсіпкерге үлгі боларлық қадам.
Бүгінде наубайханада 7-8 адам тұрақты жұмыс істейді. Дәмі тіл үйіретін нан өнімдері қала тұрғындарына, мектептер мен балабақшаларға, ауруханаға, бірқатар кәсіпорындарға, өңірге сырттан келіп жұмыс істейтін фирмаларға келісімшарт арқылы жеткізіліп келеді.
Жанар Шеруқызының кәсібіне деген жауапкершілігі ерекше. Нан – халықтың күнделікті тұтынатын азығы, сондықтан, оның тоқтап қалуы мүмкін емес. Жадыраған жазда да, қақаған қыста да, ақтүтек боранда да отбасы осы міндетті адал атқарып келеді. Жанар Шеруқызы өткен бір оқиғаны былай еске алады:
– Бір жылы қатты боран соғып, жол атаулы түгел жабылды. Табан жолдың өзі көрінбейтін. Сонда дүкендер мен ауруханаға, балалар мекемелеріне нан жеткізу үшін машинаның алдында жаяу жүріп, жол көрсеткен кезім болды. Халық нансыз қалмауы керек қой, – дейді ол.
Бұл – кәсіпкер еңбегінің ел алдындағы жауапкершілігін көрсететін айқын мысал.
Көп жылғы еңбектің бағаланған кезі де аз емес. Биыл облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Жанар Шеруқызы «AMANAT» партиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Марапат – тек Жанар ханымның ғана емес, отбасы болып төккен маңдай тердің жемісі.
Алиевтер отбасының еңбегі — Қаражал қаласындағы шағын және орта бизнестің дамуына қосылған сүбелі үлес. Олар жаңа жұмыс орындарын ашты, жергілікті халықты тұрақты түрде сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр, қиын сәттерде де тұрғындарды тағамсыз қалдырған емес, кәсіпкерліктің шынайы үлгісін көрсетті. Өнегелі отбасының ісі елге үлгі, жастарға мотивация. Кез келген жетістік адал еңбекпен келетінін дәлелдеп жүрген азаматтар — дәл осындай кәсіпкерлер.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
