«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді дана қазақ. Елді мекеннің сәулеті келісті, айналасы таза болып тұруы, онда мекендейтін тұрғындардың мәдениетін көрсетсе керек. Осы орайда Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Қаражал-Жәйрем өңірін абаттандыру және санитарлық тазалығын қалыпқа келтіру мәселесі бойынша жиын өткізді.
Алқалы жиынға қалалық мәслихаттың төрағасы, депутаттар, қаланың бас сәулетшісі, коммуналдық қызметтердің қоғамдық және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Жиналыстың негізгі мақсаты – қаланың қазіргі жағдайын талқылау, проблемалық аймақтарды анықтау және оларды жою бойынша іс-шараларды жоспарлау болды.
– Енді бірер аптадан кейін көктемнің лебі сезіле бастайды. Қатқан мұз бен қар көбесі сөгіліп, айнала ашылады. Бұл өз кезегінде қыс бойы қар астында жатқан қоқыстардың да бой көрсететін кезі. Сондықтан, қазірден бастап қаланың санитарлық тазалығы мен сәулетін жолға қоюдың жоспарын жасап алуымыз керек. Бұл көктемгі тазалық және көгалдандыру жұмыстарына негіз болады, – деді Айқын Қылышұлы жиында.
Жиынға қатысушылар өз тараптарынан ой-пайымдарын ортаға салды. Қаланың тазалығы және санитарлық жағдайы, көшелердің тазалығын арттыру, қоқыс жинау жүйесін ұйымдастыру және қоғамдық орындардың уақытылы тазартылуын бақылау шаралары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, ғимараттардың қасбеттері мен жарнамалық тақталар үшін бірегей архитектуралық эскиз жасау мәселесі қаралды.
Жиналыс нәтижесінде абаттандыру бойынша кешенді іс-шараларды жүргізу туралы шешім қабылданып, жауапты тұлғалар тағайындалды және жұмыстарды орындау мерзімдері белгіленді.