Абай – ұлт рухының алтын діңгегі

Ұлттың ұлы ұстазы, қазақ руханиятының шамшырағы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Абай керуені» атты облыстық әдеби-мәдени сапар Ұлытау өңірінде өз жалғасын табуда.

6 тамыз күні бұл тағылымды керуен Қаражал қаласына табан тіреді. Арқа төсіндегі кенді өлке – Қаражал шаһары қонақтарды ақжарқын көңілмен, кең пейілмен қарсы алды. Қаланың кіреберіс қақпасынан бастап, Абай мұрасын дәріптеуге келген зиялы қауым өкілдері мен өнер иелері жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты қарсы алу рәсімімен шымылдығы түрілген рухани кеш халық жадында ұзақ сақталары анық.

Іс-шара қаланың мәдени-сауық орталығында бастау алды. Алғашқы болып сахна төріне көтерілген Балалар өнер мектебінің «Сырлы саз» ансамблі халық күйлерін нақышына келтіре орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Жас өнерпаздардың шеберлігі кеш ажарын ашып, рухани кештің мәнін арттыра түсті.

Мәдениет ордасының мәрмәр залында Қаражал қалалық кітапханасының ұжымы дайындаған Абай шығармашылығына арналған мазмұнды кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері, өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайлы материалдар көрменің мазмұнын арттырып, қонақтарға терең әсер қалдырды.

Әдеби кештің ресми бөлімін Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Мұқажанов ашып, Абай мұрасының ұлт руханиятындағы орны туралы жүрекжарды лебізін білдірді. Оның айтуынша, «Абай керуенінің» басты мақсаты – ұлы ойшылдың шығармаларын кеңінен насихаттай отырып, ел жастарының рухани санасын жаңғырту.

Кеш барысында Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағындық Қожамсейітов сөз сөйлеп, Абай рухына тағзым етудің ұлт тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды. Әдеби-мәдени кеш жастардың қатысуымен одан әрі жалғасын тапты. Жергілікті жас ақындар Абайға арнау-жырларын оқып, Абай әндері әуеледі. Сөз өнерін серік еткен өрендеріміз толғау айтып, көрерменді тебірентті.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Абайдың сүйікті ойыны – тоғызқұмалақтан балалар арасында жарыс ұйымдастырылды. Зияткерлік бәсекеде үздік нәтиже көрсеткен жас спортшылар арнайы марапаттарға ие болды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өткен тоғызқұмалақ жарысында өрендер өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетіп, үздіктер анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды шеберлігімен көзге түскен Олжас Рымғажы иеленсе, 2 орынды Арнұр Нұрлан қанжығасына байлады, ал 3 орын табандылығы үшін Жәнібек Сембайдың еншісіне бұйырды.

Іс-шара барысында қонақ ретінде сөз алған Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, абайтанушы Бекболат Есенов өз ойымен бөлісті: – Тамыздың 1 жұлдызынан бастап облысымызда тағылымға толы іс-шаралар легі бастау алды. Бұл – ұлтымыздың рухани жаңғыруына, жастардың санасын оятуға бағытталған маңызды қадам. Әрбір қазақтың жүрегіне ұлттық құндылықтарды, ізгілік пен парасаттылықты сіңіру – ұрпақ алдындағы киелі міндет. Ал, сол міндеттің алғашқы баспалдағы – Абайды тану, Абайды оқу, Абаймен сусындау. Осы әдеби сапар аясында Ұлытау облысын аралап, бүгін Қаражал қаласына табан тіредік. Қаражалдықтардың ақжарқын қарсы алуы, рухани дүниеге деген ықыласы бізге ерекше әсер етті. Сіздердің шынайы ниеттеріңіз бен құрметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін.

  • Абайды қазіргі жастар қаншалықты біледі? — Қоғамның кемелденуі де, ұлттың өркендеуі де – Абай ілімін терең меңгеруден басталады. Абайдың әр сөзі – терең философия, сарқылмас рухани қазына. Оның мұрасы – ұрпаққа жол сілтейтін шамшырақ, болашаққа бағдар. Біздің басты мақсатымыз – адамның көкірек көзін ашу, тілін ұстартып, ниетін дұрыстау. Гете айтпақшы: «Ұлылардың иығына шықсаң, әлем аяғыңның астында қалады». Бірақ, біз әлі Абайдың тобығына да жеткен жоқпыз. Сол себепті өзіміз де үнемі ізденіс үстіндеміз, даму жолынан жаңылмауға тырысамыз. Болашағымыз – жастар. Сол жастар Абайды танып, оқып, жүрекпен түсінсе екен дейміз. Өйткені, Абай – тұнып тұрған білім, насихат, парасат пен ақылой. Бұл асыл мұраны саналы ұрпақ бойына сіңірсе, ертеңгі ел болашағына сеніммен қарауға болады, — деп ойын түйіндеді.

Қаражал жұртшылығымен қош айтысқан Абай керуені келесі сапарын Жәйрем кентіне жалғады. Керуенді жәйремдіктер ерекше ықыласпен, ашық жарқын көңілмен қарсы алды. Мәдени-сауық орталығында өткен мазмұнды шараның шымылдығын кент әкімі Қайрат Амангелдіұлы ашып, Абай рухын дәріптеген делегация мүшелеріне жүрекжарды лебізін білдірді. Кеш аясында «Асыл әже – ғасыр әже» ансамблі, «Аналар» мен «Әжелер» мектебі дайындаған мазмұнды бағдарлама жиналған жұртшылықты бірден ерекше көңіл-күйге бөледі. Театрландырылған қойылымдар, Абай шығармашылығына негізделген сахналық көріністер көрермен жүрегіне жол тауып, терең ой қалдырды. Бұл қойылымдарды жергілікті жастар мен мәдени-сауық орталығының қызметкерлері жоғары шеберлікпен орындады.

Кеш барысында «Абай әлемі» атты викториналық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, Абай мұрасына деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті. Ұлы ойшылдың әндері шырқалып, өлеңдері оқылып, рухани атмосфераны одан сайын тереңдете түсті. Келген қонақтармен еркін сұхбат құрылып, ой-пікір алмасу сәттері кештің мазмұнын байытты. Абай шығармашылығынан шабыт алған қонақтардың Абай әнін әуелетіп шырқауы – кешке ерекше шырай беріп, рухани ләззат сыйлады. Бұл кеш – тек мәдени іс-шара ғана емес, жан дүниені байытар шынайы рухани тәжірибеге айналды. Бұл кеш – ұлы ақынға тағзым ғана емес, ұрпаққа берілген рухани аманат. Абайдың өлеңі – жүрекке, қара сөзі – санамызға, ал ойы – болашаққа жол сілтейді. Осындай тағылымды кездесулер мен шаралар арқылы Ұлы Дала елінің рухани тамыры тереңдеп, жас ұрпақтың көкірек көзі ашылып, ұлттық сана жаңғырары сөзсіз.

Жазира МҰХИДИНОВА