Ақылы қызметке сапалы қызмет

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші көпқабатты үйлердің ең жоғары қабатында тұратын Жезқазған қаласының тұрғыны күзде жаңбырдан, қыста ызғардан сақтануы үшін шатырын жөндемекші болады.

Көпшілік сияқты аталған жұмысты жасап беретін жұмысшыларды ғаламтор желісінен іздейді. Бірнеше жарнамаларды көрген әлгі тұрғын біреуіне тоқтайды. Жарнамада сапалы қызмет атқарамыз дегендіктен болар.

Келісілген күні жұмысшылармен кездесіп, жұмыс ауқымын көрсетеді. Қажетті құрылыс материалдарын сатып алып береді. Жұмыс ақысын да төлеп қояды. Құрылыс материалдары мен еңбек ақысының жалпы құны 470 000 теңгеге бағаланады.

Жұмыс басталып кетеді.

Алайда, жұмыс барысында айтылған кемшіліктерге мән бермеген жұмысшылар атқарылған жұмыстың сапа жағына мүлдем көңіл бөлмейді. Мұндай сапасыз жұмыс 470 000 теңге тұрмайтынын және бағаны негізсіз көтергендігін айтқан тұтынушы жұмысшылардан 215 000 теңге қаражатын қайтаруды талап етеді. Жұмыскерлер қаражатты қайтарудан бас тартады. Хабарласса телефон көтермей қашып жүреді.

Жалдамалы жұмысшылардың жұмысына  қанағаттанбаған тұтынушы «Е-Otinish» порталы арқылы «Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау» департаментіне арыз түсіреді.

Департамент қызметкерлері аталған мәселені заң талаптарына сай қарастырып, тұтынушыға жазбаша наразылық жазуға кеңес береді. Наразылық жазуға көмектесіп, бұл мәселені бақылауында ұстайды. Нәтижесінде жұмыстың сапасыз орындалғанын мойындаған жұмысшылар тұтынушыдан кешірім сұрап, ҚР «Тұтынуышларды қорғау туралы» Заңының 24 бабына сәйкес сапасыз қызмет қызмет үшін төленген 215 000 теңге көлеміндегі қаражатын қайтарып береді.