Ит – жеті қазынаның бірі десек те бүгінде осы төрт аяқты досымыздан адамдарға қауіп күшейіп тұр. Әсіресе, қаңғыбас иттер шамадан тыс көбейіп кетті. Бұл қай өңірде болмасын өзекті мәселеге айналған. Қаражал қаласының тұрғындары да осы орайда шағым жасауда.
Дүйсенбі күні Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов тұрғындардың осы шағымына орай жиын өткізді. Жиында қаңғыбас иттерді аулау мәселесі жан-жақты сөз болды. Мәлім болғандай, 2025 жылдың 30 қаңтарында қаңғыбас иттерді аулау бойынша мемлекеттік сатып алу өткізіліп, мердігер ретінде «Асу-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Алайда, мердігер ұйым өз міндеттерін орындамағандықтан, келісімшарт бұзылды. Жақын арада жаңа мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланатын болып шешілді. Осы орайда бұл іске жауапты мекеме басшысына мәселені оң шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ал, полиция бөліміне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 407-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік шаралар қолдану тапсырылды.