Ақтайда ауқымды жұмыстар жүреді

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жұмыс сапарымен Ақтай шағын ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында инфрақұрылым, байланыс сапасы және абаттандыру мәселелерімен қатар, әлеуметтік маңызы бар бастамалар талқыланды.

Көтерілген маңызды сұрақ­тардың бірі – ауылдағы бір көшені Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагердің атына өзгерту мәселесі болды. Бұл – батырларымыздың ерлігін ұлықтау және тарихи жадымызда сақтау жолындағы маңызды қадам.
Сонымен қатар, жолдардың жағдайы мен интернет байланысының сапасы жөніндегі мәселелер де қозғалды. Бұл мәселелер жергілікті биліктің бақылауында, оларды жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Сапар аясында қала әкімі шағын аудан мешітіне барды. Өткен жылы мұнда ғимараттың сыртын қаптау жұмыстары жүргізіліп, асханасы күрделі жөндеуден өтті. Биыл мешітке күмбез орнату жоспарланған, қазіргі уақытта тиісті тапсырыс рәсімделіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық сұрақтар назарға алынды. Ақтай шағын ауданында өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ