Ағаштан түйін түйген

Көп адамдар ағаштан жасалған ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдарды олардың экологиялық тазалығы мен табиғилығы үшін бағалайды. Әсіресе, қолдан жасалған, қазақы нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген бұйымдарды ерекше қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізеді. Дәл осындай бұйымдардың бойында халықтың рухани мәдениеті, салтдәстүрі мен қонақжайлылығы сақталған.

Жәйрем кен байыту комбинаты полиметалл байыту фабрикасының магистралды конвейер машинисі Бақтығали Макашов он саусағынан өнер тамған нағыз шебер. Өндірістегі жұмысын (еңбек өтілі 16 жыл) ағаш ұсталығымен ұштастырып жүрген еңбекқор жан.

– Бала кезімнен бастап қолөнерге қызығушылық таныттым. 11 жасымда еңбек пәнінің мұғалімі Балташ Сырттанбековтың шақыруымен қолөнер үйірмесіне қатыса бастадым. Әсіресе, ағаш бұйымдар жасағанды қатты ұнататынмын. Комбинатқа жұмысқа келгеннен кейін де сүйікті ісімді тастаған жоқпын, оған әрдайым уақыт табамын. «Казцинк» компаниясының тапсырысы бойынша қолөнердегі ұстазыммен бірге Риддер қаласына арнап аю мүсіндерін де жасағанбыз, – деп бөлісті Бақтығали.

Бақтығали Сембиұлының шағын шеберханасы бар, ол жерде қарапайым ағаш түрлерінен көздің жауын алатын әсем бұйымдар дүниеге келеді.

– Негізінен адамдар сән үшін сөрелерге қойып қоймайтын, күнделікті тұрмыста пайдаланатын жер үстел, бесік, сандық, астау, ожау, кесе, тегеш сияқты заттарды жасаймын, – деп әңгімесін жалғастырды шебер. – Бар ынтамды салып жасаған дүниелерім адамдардың көңілінен шығуда, сондықтан да болашақта шәкірттер дайындап, шеберліктің қыр-сырын үйрету жоспарда бар және балаларымды да осы өнерге баулымақпын. Жұбайым екеуміздің бес кішкентайымыз бар. Ата-бабамыздың дәстүрлі қолөнер мұрасы өшпей, дами берсін дегім келеді.

Теректі ШАҒАТАЙ.