Маусым айының алғашқы декадасында Жезқазған қаласында «Аялы әже» облыстық бірінші форумы өткізілді. Республика облыстарында кезекпен өткізіліп жатқан форумды Ұлытау облысы өз кезегін Қызылорда облысынан қабылдап алған болатын. Аталмыш форумға Қаражал қаласынан төрт әже барып қатысып қайттық: Дәркеш Қоғабаева, Қайшатай Әбсадирова, Сәруар Рахымбаева және мен – Мереке Жұманбаева.
Шараның мақсаты — ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуде ерекше рөл атқаратын әжелер институтының маңыздылығын арттыру. Форумның ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев сөз сөйлеп, қоғамда әжелердің рухани тәрбие берудегі ерекше орнына тоқталды.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды ұрпақ тәрбиесіне тиімді енгізудің жолдарын талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Осы орайда мен де өз ойымды ортаға салып, аймағымыздың жетістіктері мен жағымды жаңалықтарымен, өзгерістерімен, ілкімді істерімен бөліскен болатынмын.
Мысалы, бірнеше жыл бойы бос тұрған біраз тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, жаңаша қалыпқа келтіріліп тұрғындарға беріліп жатыр. Әлеуметтік нысандар да бой көтеріп, халық игілігіне табысталып жатыр. Атап айтар болсақ, спорт стадионы, жабық жүзу бассейні, жаңа коттедж-үйлер салынып, кілттері тұрғындарға табысталды. Бүгінгі таңда, Қаражал жұртшылығына Станционная шағын ауданында алдағы уақытта мектеп салынатындығы және вокзал ғимаратының жаңартылатыны белгілі болып отыр. Бұл қуантарлық жаңалық. Қала ішіндегі басты жолдар жөнделіп, қала тұрғындарының көңілінен шығып жатыр. Сыртқы жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақты газдандыру мәселесі де қаралып, қолға алынды.
Осындай жан-жақты жанданудың аясында қалалық Ардагерлер кеңесі де қол қусырып отырған жоқ. Біздің әжелер жастарды патриотизм және отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге арналған іс-шараларға қатысып, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді насихаттап, адал азамат тәрбиелеу бағытында, жас ұрпаққа тағылым беру мәселелерін қозғап, үлестерін қосып келеді.
Қаражал қалалық «Нұр» мешітінде «Дін мен дәстүрді дәріптеу» атты тәрбиелік маңызы зор іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында мешіт жамағаты Дархан есімді сәбиге азан шақырып ат қою дәстүрін өткізді және абыз аналар қатысып «Келін атанған қыз қоржыны», «Сәби қоржыны», «Бесікке салу дәстүрі», «Ұршық иіру өнері» ұлттық салт-дәстүр түрлерін өткізген болатын.
Біздің Қаражал қаласында қалалық орталық кітапхананың жанынан «Алтын оймақ» әжелердің қолөнер клубы ашылып, қазіргі кезде біраз игі істер атқарылды. Олар ұйымдастырылған қалалық іс-шараларда қолдан жасалған бұйымдарының көрмесін ұсынып, жастарға ұлттық тәрбие беру бағытында өз үлестерін қосып жүр.
Қазақ тарихында есімдері аңызға айналған аналар жетерлік. Бұл нені білдіреді? Бұл — ақылы кемел қазақ әйелдерінің ұлттық болмысты қалыптастыруда айтарлықтай ықпалы болғанын айғақтайды. Еліміздегі экономикалық белсенді 8 млн адамның жартысынан астамы әйел, олар ошақтың отын маздатып, отбасында ғана отырған жоқ, Отан алдындағы міндетін де атқарып жүр. Әрбір салада, әр деңгейде әлі жеткенше ер азаматтармен тізе түйістіре еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді.
Гендерлік теңдік деңгейі жөнінен жаһандық рейтингте Қазақстан 135 елдің ішінде 31-ші тұғырда тұр, яғни, қазақ әйелі еріне серік қана емес, еліне де тірек бола біледі. Қазақ отбасында ата-ана қадірі кез келген құндылықтан артық, әке мен ана басқаға көңіл бөлмесе де балаға бар сүйіспеншілігі мен махаббатын арнайды. Өмір жолында жанға жұбаныш болатын — жанашырлық пен кіршіксіз көңіл ғана. Ата-ананың ақ пейілі мен көңілі — бақытты ұрпақтың баянды өмірі. «Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес» деп Ғабиден Мұстафин атамыз айтқан.
Адамның бойында парасат-пайымның, даналықтың қалыптасуына көркем әдебиеттің пайдасы зор. Көркем әдебиет – қоғам өмірінің айнасы. Сол себепті, көркем әдебиеттегі баяндалатын өмірдің қандай да болсын тұстарын, адам өзіне қатысты «пішіп тігеді де визуалды киіп көріп» қорытынды шығарады. Өкінішке орай, қазіргі жастар көркем әдебиет туындыларын оқудан қалыс қалуда. Бүгінгі күнде осы мәселе қоғамды алаңдатып отыр. Бұл интернет желісінің адамға тигізетін кері жақтарының бірі деп санаймын.
Ене мен келіннің тіл табысып жүруі бір бөлек тақырып, бұл тақырып бойынша да әжелердің, әлбетте, айтары болуы тиіс. Бала тәрбиесіне ата-әженің араласуы қазақ халқының үлкен бір мүмкіндігі деп ойлаймын. Ата-әженің тәрбиесін бойына сіңіріп, өнегелі әңгімесін тыңдап өскен перзент табиғатымен ізетті, адамгершілігі мол азамат болып өседі.
Бүгінгі әжелер «ертегі айтпайтын әже» атанып жүр. Денсаулығы мықты әжелер, жадында сақтаған ертегілерін немерелеріне айтып жүретіні сөзсіз, әрине. Отанын сүйген, ұлтының жанашыры болып есейген азаматтардан, әрине, елі мен жеріне деген таза пейілі мен үлкен жауапкершілікті күтуге әбден болады. «Қарт келсе – асқа, жас келсе – іске» деген мәтел бекер айтылмаса керек.
Адал азаматтарды тәрбиелеу жолында, ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастар санасына жеткізетін форумға қатысқан белсенді де, беделді әжелердей әжелеріміз көп болсын, аман болсын, бейбіт заман болсын, дегім келеді.
Форум барысында Ұлытау облыстық ардагерлер ұйымы жанындағы «Әжелер алқасы» аудандық, қалалық және бастауыш ардагерлер ұйымдары жанынан «Әжелер алқасын» құруды тапсырып және оның қызметіне бағыт берді. Біраз белсенді әжелерге марапаттар табысталды, солардың қатарында Дәркеш Қоғабаева әжеміз облыстық Ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен, және мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталдық.
Мереке ЖҰМАНБАЕВА,
Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрайымы.