Қазіргі таңда интернет-байланыс, білім алу, жұмыс істеу және сауда жасау сияқты көптеген қажеттілігімізге айналды. Алайда, технология дамыған сайын алаяқтардың да тәсілдері жетілдіріліп келеді. Интернет-алаяқтық – бұл тек қаржы шығыны ғана емес, сонымен қатар, жеке деректердің ұрлануы, психологиялық қысым және құқықтық мәселелерге ұрындыруы мүмкін қауіпті қылмыс.
Интернет-алаяқтық – бұл интернет арқылы жалған ақпарат таратып, адамдарды алдап, олардың ақшасын немесе жеке деректерін иемдену әрекеті. Алаяқтар көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошталар және жалған сайттар арқылы әрекет етеді.
Бүгінде интернет дүкендер арқылы алдау, жалған инвестициялық жобалар (пирамида), деректерді өңдеу арқылы алдау секілді алаяқтықтың көп түрі белгіленген. «Сіз ұтып алдыңыз!» бен «Шұғыл ақша төлеңіз!» дегені тағы бар. Ғаламтормен тығыз байланыстағы қоғамда торға түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Осы орайда сізге алаяқтықтан сақтық шаралардың бірқатарын ұсынамыз:
- Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз.
- Банктен немесе мемлекеттік ұйымнан келгендей көрінетін хабарламаларға сенбеңіз – ресми сайтқа кіріп, тексеріңіз.
- Жеке деректеріңізді бөліспеңіз. Телефон, ЖСН, банк картасының нөмірі, CVV-кодты ешкімге бермеңіз.
- Тексерілмеген дүкендерден сауда жасамаңыз. Сайттың шынайылығына көз жеткізіңіз – пікірлерді оқыңыз, заңды тіркеуін тексеріңіз.
- Қауіпсіздік бағдарламаларын қолданыңыз. Антивирустар мен екі факторлы аутентификация (2FA) қосулы болсын.
- Сақ болыңыз – күмән туындаса, тоқтаңыз! Сізден шұғыл түрде әрекет етуді талап етсе – бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Интернет – өмірімізді жеңілдететін күшті құрал. Бірақ, оны саналы, сауатты түрде пайдалануымыз керек. Қауіп қашанда бар. Алайда, ақпаратты тексеру, сақтықпен әрекет ету және алаяқтарға «Тоқта!» деу – өзіңді қорғаудың ең сенімді жолы.
Манара ЖЕТІМЕКОВА,
Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы.