Қазақстан Республикасында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында, татулық пен келісімде өмір сүруде. Түрі басқа болса да – жүрегі бір, тілі бөлек болса да – тілегі ортақ бұл халықтар қазақ жерінде бейбіт және жарасымды тіршілік кешіп жатыр. Олардың барлығы қазақ халқының салтдәстүрін, ұлттық құндылықтарын құрметтеп, соған сай өмір сүріп келеді. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде достықтың, ынтымақ пен бірліктің алтын бесігіне айналды. Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Ауызбірлік пен өзара түсіністік орнаған елде береке мен бақ, табыс пен жетістік қатар жүреді. Бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан ұлттар бірлігі мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз тұрақты дамып, өркендеп келеді. Бұл – бүкіл әлемге үлгі боларлықтай құндылық. Қазақстан — бейбітшілік пен келісімнің мекені, әрбір азаматының жүрегінен орын тапқан ортақ үй.
Салтанатты мерекелік іс-шара аясында сахна төріне қала басшысы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген білікті басшы -Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жылы лебізін білдіруге шақырылды. Өз сөзінде: — Құрметті қала тұрғындары және қонақтары! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Жыл сайын мамырдың алғашқы күнінде біз айрықша ықыласпен – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өтеміз. Байлық та, бақыт та – бірлікте. Көптеген ұлттардың басын қосып, татулық пен бірліктің бесігі болған Қазақстан – қазір әлем үшін ұлтаралық келісімнің үздік моделіне айналды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында халық арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды институт ішкі тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, түрлі этностық және мәдени топтар арасындағы татулық пен келісімді сақтап, азаматтық қоғамның саяси кемелдену деңгейін арттырды деуге толық негіз бар. Бүкіл әлемде Қазақстан мерейінің үстем болуы, жеткен жетістігі мен алған асулары – ел татулығының арқасы. Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Барлық ұлтты біріктірген бейбітшілік мерекесінде әрбір шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін. Мереке құтты болсын! — деп, жиналған дүйім жұртты құттықтады.
Сонымен қатар, дәл осы мерекемен тұспа-тұс қаламыздың ең үздік фестивалі «Қызғалдақ көктем-2025» екінші кезеңі өтті. Еске сала кетейік, өткен аптада 1 кезеңінде қаламыздың мекемелері арасында «Ең үздік хордан» жарыс болғантын. Бір ай көлемінде бірнеше кезеңімен апта сайын халықты мәдени-сауық орталығына жинайтын бұл фестивальге қаламыздың алты мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысуда.
Әдеттегідей іс-шарада ине шаншар орынның болмауы байқаудың маңыздылығын, көпшіліктің көңіліне жағымды екенін осы уақытқа дейін көрсетуде.
Баршамызға белгілі, биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтуде. «Қызғалдақ көктем-2025» фестивалінің І кезеңі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. 2025 жылы адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі -Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл күн — Ұлы Отан соғысында жанын қиған батыр бабаларымыздың ерлігін еске алып, олардың рухына тағзым ететін қасиетті мереке. Осы айтулы дата қарсаңында соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық әндерді дәріптеу — тарихи жадымызды жаңғыртуда, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде аса маңызды. Бұл әндер — Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен елжандылықты ұрпақ санасына сіңірудің қуатты құралы.
6 мекеменің де қызметкерлері ерекше патриоттық сезіммен орындап шықты десек те артық емес. 6 мекеме деп отырғаным, «Қаражал қалалық мәслихатының аппараты» ММ, Қаражал қаласының әкімдігі және қалалық орталықтандырылған кітапхана ұжымы, № 3 жалпы білім беретін мектебінің ұжымы, № 1 жалпы білім беретін мектебінің ұжымы, қалалық «Балбөбек» бөбекжайы ұжымы, «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің ұжымы, қаламыздың жеке кәсіпкерлері мен кәсіпкерлер палатасының ұжымы. Әлбетте қазылар алқасы тек әнге ғана емес, қатысушының киім үлгісіне, сахнаға шығуы, әнді орындауы, тіпті, көрермен залындағы қолдаушыларға дейін мән беретіні анық. Барлық қатысушылар бұл жолы ең жоғары ұпай алды. Қазылар алқасында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, Шалғы кентінің әкімі Азамат Кәдірсізов, Қаражал қаласы Балалар өнер мектебінің директоры Ұлан Дүкенбаев және қаламыздың мәдени өміріне атсалысқан, «Каражалочка» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, көрерменін әсем әнге бөлеген өнерлі апамыз Раукен Қожамбаева төрелік етті.
Қызғалдақ көктем фестивалінің екінші кезеңі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп, бұл мерекелік шара ұлтаралық татулықтың рәмізіне айналған айтулы күнге арналды. Бұл жолғы кезеңнің басты тақырыбы – ұлттық билер. Әр ұлттың мәдениеті мен рухын би арқылы танытқан қатысушылар сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Қазылар алқасының құрамында бір ғана өзгеріс болды – бұған дейінгі кезеңде төрелік еткен Раукен ханымның орнына қаламыздың танымал хореографы, өнер саласының білгірі Мақпал Наралиева келді.
Сахна төрінде әр ұлттың биін мың бұрала билеген өнерпаздар шын мәнінде көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Әсіресе, Кәсіпкерлер палатасының бишілері кәсіби бишілерден кем түспей, нағыз шоу жасап берді. № 3 мектеп ұжымы қазақ батыр қыздарының қайсар мінезі мен өр рухын бейнелейтін би орындап, зор қошеметке ие болды. Ал, № 1 мектеп мұғалімдері өзбек биімен көпшілікті тәнті етті.
Фестиваль барысында ерекше көзге түскен тағы бір ұжым – Қаражал қалалық мәслихатының аппараты, Қаражал қаласының әкімдігі мен қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерінен құралған қыздар тобы болды. Олар ұйғыр биін аса шеберлікпен орындап, ең жоғары ұпайға ие болды.
Байқауға қатысқан барлық ұжымның бишілері тыңғылықты дайындықпен келгені, әр қимылына жан салып, сахнада бар өнерін аямағаны анық байқалды. Бұл кеш – достықтың, өнердің және ұлттар арасындағы өзара құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ